Буллингке қарсы бағдарламалар барлық мектепке енгізіледі

Қосшы

Келер оқу жылында елдегі барлық мектепке буллингке қарсы бағдарламалар енгізіледі. Оның бірі шетелдік тәжірибеден өткен KiVa бағдарлама болса, екіншісі – отандық ғалымдар әзірлеген «Досбол like» қосымшасы. Жобалар бұған дейін еліміздің 160 мектебінде пилоттық режимде жұмыс істеп тиімділігін дәлелдеді. Бұл жайында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енді жекеменшік мекетептердің барлығына бейнебақылау жүйесін қою міндеттелмек. Тәртіп бұзған жеткіншектерді мектепішілік есепке алу жұмысы да жанданады. Бүгінде 14 мыңнан аса бала осы тізімде тұр. «Бұл жазалау үшін емес, керісінше, сол жеткіншектерге көмек көрсету үшін қажет дейді», – вице-министр. Ведомство мәліметінше, жыл сайын бала алдындағы міндетін орындамайтын мыңдаған адам ата-ана құқығынан айырылады.

Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:

- Есепке алынған балаларға қажетті психологиялық көмектер және білімінде қосымша білім беру бойынша көмектер жүзеге асырылады. Былтыр біз заңға өзгертулер енгіздік. Әкімдікке мектепішілік есепке алынған балаларды проактивті түрде қосымша білімге тарту керек. Ол спорт секциялары. Яғни баланың мінез құлқын түзететін шаралар. Яғни біз қай жерде проблема бар, сол нүктеге назар аударып, сол баламен жан-жақты жұмыс жасау үшін осындай тетікті енгізіп отырмыз.