Ғарыштық мониторингтің ауқымы кең

Қосшы

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлттық ғарыш орталығына барды . Министр ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арт­тыру­ға бағытталған ғарыштық мониторинг саласындағы қазіргі заманғы шешімдері, отандық жерді қашықтықтан зондтау спутниктік жүйелерінің жұмысы, ауыл шаруашылығы өндірісін мониторингтеуге арналған цифрлық платформалармен, сондай-ақ ғарыш инфрақұрылымын дамыту перспективасымен танысты.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы АҚ мамандары ғарыштық спутниктер арқылы алынған деректер ауыл шаруашылығы саласында егін, жайылымдық жерлердің жай-күйін мониторингтеу, су тұтынуды бағалау үшін қалай қолданылатынын түсіндірді. Олар жерді қашықтықтан зондтау деректері арқылы жүргізілген ауыл шаруашылығы жерлерінің мониторингінің нәтижесін ұсынды.

Презентация қорытындысы бо­йынша министр ұлттық компания ғарыштық мониторинг деректері мен АШМ қалыптастырған ақпаратты салыстырмалы бағалау жүргізуді тапсырды. Бұл тапсырма ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін, пайдаланылуын бағалауға арналған бірізді тәсілдерді қалыптастыруға, сондай-ақ егістік алаңы, өнімділік және су тұтыну бо­йынша есептердегі айырма­шылықтарды нақтылауға бағытталған.

Кездесу барысында агроөнер­кәсіп кешені (АӨК) үдерістерін автоматтандыру және цифрландыруға бағытталған цифрлық платформалар таныстырылды. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты геокеңістік деректерді беруге арналған «Agrospace» платформасы да бар. Жалпы алғанда, сала басшысы ғарыштық мониторингті АӨК секторында қолдануды әрі қарай кеңейтудің маңыздылығын айрықша айтып өтті.