«Қазсушар» РМК Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан Шідерті өзеніне 120 млн текше метр су жіберуді ұйғарып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,3 млн текше метрге көп.
Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы биыл Шідерті өзенінің маңайын қоныс еткен елді мекендерді барынша жарылқайын деп тұр. Тіршілік нәрі сай-саланы суға толтырып, Ақтоғай ауданы мен Екібастұздың ауылдық аймақтарындағы мал өсіруші ағайынның несібесін еселей түседі.
Каналдан су босату шараларының жалпы ұзақтығы шамамен екі айға ұласады. Осы аралықта жалпы көлемі 120 млн текше метр су Шідерті өзені арқылы кең далаға жөңкіліп, шабындық үшін пайдаланылатын көлтабандарды, Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл көлдер жүйесін (шамамен 9 көл бар) толықтырып, балық ресурсын қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді. Екінші тұрғыдан бұл аумақтардың табиғи тепе-теңдігін ұстап тұруға, экологиялық ахуалды жақсартуға негізделген.
– Биыл Шідерті өзенінің жайылмасына рекордтық көлемде су жіберіледі. Ол шамамен сәуір-мамыр айларында жүргізілуі керек. 2024 жылы босатылған судың көлемі 86,7 млн текше метрді құраған еді. Тасқын судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың қазан-қараша айларында Ертіс бассейндік инспекциясымен, төтенше жағдайлар органдарымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, барлық гидротехникалық құрылысқа комиссиялық зерттеу жүргізілді. Гидротехникалық құрылыстың жағдайы қанағаттанарлық, – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Павлодар филиалының басшысы Арман Оспанов.
Атап өтейік, «Қазсушар» мекемесінің Павлодардағы филиалына арнадан бөлек, Шідерті сағалық суару жүйесі, Беловод топтық су құбыры, Май топтық су құбыры, Ертіс жүйелі суармалы өндірістік учаскесі, Қолыбай көлтабандар жүйесі қарайды. Жауапты министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемде теңдесі жоқ гидротехникалық құрылысты кешенді жаңғыртудың Жол картасын әзірледі. Алдағы төрт жылда Сәтбаев арнасында 19 сусорғы агрегаты мен электр жабдықтарын ауыстыру жоспарланған.
«Халық санының артуына, өндірістік кәсіпорындардың көбеюіне байланысты арнаның су ресурстарына сұраныс ұлғайып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында биыл министрлік Қ.Сәтбаев атындағы арнаны кешенді жаңғырту жұмысын бастайды. Жол картасына сәйкес арнаны 2028 жылға дейін 19 сусорғы агрегаты мен электр жабдықтарын жаңартамыз. Осының нәтижесіне сумен қамту сапасын арттырып, каналды ұзақ мерзім, қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз еткіміз келеді», дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Жалпы, кейінгі жылдары Сәтбаев арнасының жағдайы кері кетіп қалғанын бұған дейін газет бетінде бірнеше рет мәселе етіп көтергенбіз. «Қазсушар» РМК оның жылдық табысынан 2 млрд теңгені жырып алып, еліміздің өзге аумақтарындағы инвестициялық жобаларға жұмсап жатқанын, салдарынан арнаның қаржылық ахуалы нашарлап кеткенін кәсіпорын өкілдері айтудай-ақ айтып келеді. Арна Павлодар облысының Май ауданындағы Белая өзенінен басталып, Қарағандыға дейін жалғасады. Ұзындығы – 459 шақырым, соның 380-дей шақырымы Павлодар облысының аумағында орналасқан. Су торабының бірегейлігі сол, 22 сусорғы стансалары суды төменнен жоғарыға қарай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. Сусорғы-қуат жабдықтары жылына шамамен 2200 млн кВт/сағат электр энергиясын тұтынатындықтан, арнаның екінші кезегі – «Қарағанды – Жезқазған» бағыты жүргізілмеді. Яғни сол тұстағы мамандар мұны тиімді емес деп есептеді. Соның әсерінен канал бүгінде өз әлеуетінің тек 40%-ын ғана пайдаланады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылына тұтынушылар арнадан 450-460 млн текше метр су сатып алып отыр. Канал Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана қаласын ауызсумен қамтамасыз етеді. Аталған үш өңірдегі ірі өндіріс орындары, шаруашылықтар арна суын пайдаланады.
Павлодар облысы