Мемлекет басшысы Әзербайжанның сыртқы істер министрін қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен кездесу өткізді. Президент мейманға ілтипат білдіре отырып, сан қырлы мемлекетаралық байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл кездесудің маңызын атап өткен.
"Сіздің сапарыңыздың бауырлас Әзербайжан елімен ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілету тұрғысынан мәні зор. Біз үшін Әзербайжанмен қарым-қатынас ерекше маңызға ие. Біз сіздің еліңізді сенімді стратегиялық серіктес және одақтас ретінде қарастырамыз", — деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Әзербайжанның сыртқы істер министрі дәстүрлі түрде қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталған.

Джейхун Байрамов орайлы сәтті пайдалана отырып, әзербайжандық әуе желісіне тиесілі ұшақтың Ақтаудағы апаты кезінде жедел көмек көрсеткені үшін Қазақстан тарапына президент Ильхам Әлиев пен Әзербайжан халқының атынан алғыс айтқан.
Кездесуде ауқымды стратегиялық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс пен суасты электр желісін тарту мәселелері талқыланған.
Сонымен қатар сауда, инвестиция, цифрландыру, көлік-транзит салаларындағы өзара ықпалдастықты одан әрі жандандыру перспективасы қарастырылған.