Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Торғай өңірін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек», — деген Президент, аталған өңірде әуе қатынасын қалпына келтіру, стратегиялық автокөлік жолдарын салу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Қостанай облысының әкімі Құмар Аксақалов жұмыс сапарымен оңтүстік аудандарда болып, Жолдау жүктеген міндеттерді орындау аясында жұртшылықпен пікір алмасты.
«Президент Жолдауында жүктелген тапсырманың бірегейі – Торғай өңірін түлету. Бұл ретте «Орталық – Батыс» стратегиялық автожолының маңызы зор болмақ. Ең алдымен экономикалық өсімге қуатты серпін беріліп, көлік қатынасы дамиды. Бұл сайып келгенде халықтың өмір сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді», — деді аймақ басшысы.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Келесі жылы үлкен жоба Қызылорда-Жезқазақған-Арқалық үлкен жолы толығымен бітіп, екінші жол басталады. Ол батыс өңірлерді орталықпен байланыстыратын үлкен жоба басталып, ол да Арқалық арқылы өтетін болады. Сондықтан Арқалық ол оңтүстікті солтүстікпен байланыстыратын және де батысты орталықпен байланыстыратын қала болады. Мыңдаған азаматтар келеді, мыңдаған саудамен айналысатын жүк таситын азаматтар осы Арқалық арқылы өтеді. Мінекей, Арқалықтың болашағы осы логистикаға байланысты болады!
Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді,- деп атап өткені мәлім. Торғай тұрғындары да стратегиялық жобаның нақты жүзеге асатынына дән риза.
Шыңғыс Сәдуақасов, Жангелдин ауданының тұрғыны:
- Бүгінгі жиында ел алдында нақты нүктесін қойып жолдың болатынын айтып отырсыз, сізге көп рахмет! Жолдауда Торғайды тілге тиек етіп айтып жатқанына өте қуаныштымыз.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Арқалықтағы жөнгделіп жатқан әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Олардың қатарында мектеп-интернаттың жаңа жатақханасы, күреске арналған арнайы зал, сондай-ақ заманауи «Қазақстан» спорт кешенбар.
Айтжан Мәліков, Арқалық қаласы Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Бұл спорт кешенінде 4 зал болады, үстел теннисіне арналған зал, волейбол, баскетбол залдары бар. Екінші қабатта жаттығу және фитнесс залдары бар. Бұл спорт кешеніміз халыққа қызмет ететін болады. Барлығына қолжетімді.
Аймақ басшысы Арқалықтағы әуежай құрылысына да айрықша тоқталды. 34 жылдан кейін қалпына келтірілетін әуе қатынасы өңірдің дамуында шешуші рөл атқармақ.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Сергей Трахтенберг, Бахытбек Нұртаев