Коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жақсартамыз десек, оған озық технологиясыз қол жеткізу қиын. «Бұл іске «Ақылды қала» тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз», -деді Президент және оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек деп тапсырды. Смарт сити жайында айтайық. Алдымен, елордадан бастасақ. Бас қала ақылды қалаға айнала алып жатыр ма? Бұл бағытта қандай жаңалық бар?
Рухани Әбірахман, тілші:
- Цифрлық даму министрлігі Қазақстандағы ең «ақылды» қалалар тізімін жасады. ТОП-5 ті атап өтсек, бұл: Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Өскемен. Бұл қалалар смарт, яғни, жоғары технологиялық құралдарды күнделікті өмірде белсенді қолданады. Мәселен, тұрғындар кез-келген өтінішті бірыңғай орталыққа онлайн режимінде жолдайды, дәрігерге онлайн түрде жазылады, сол секілді түрлі электронды сервистердің игілігін пайдаланады. Бұған жасанды интеллект те көмектеседі.
Сондай-ақ жыл сайын әлемнің ең «ақылды» қалаларының рейтингі жасалады. Smart City Index мәліметіне сай, онда Швейцарияның Цюрих қаласы көш бастайды. Одан кейін Осло, Канберра, Женева, Сингапур деп жалғаса береді. Ал, Астана Шығыс Еуропа пен Орталық Азия бойынша интеллектуалды қалалар қатарында 3-орын иеленді.
Иә, Астана смарт қалаға айналып келеді. Мамандар цифрлық трансформация аясында заманауи мегаполистер тәжірибесіне сүйеніп келеді. Мысалы, жол қозғалысын бақылаудың жаңа 15 әдісі қолданысқа енеді. Бейнесараптама жасайтын 30-дан астам тың құрал қолданыла бастайды. Барлығы қауіпсіз әрі жайлы орта жасау үшін. Тұрғын үй шаруашылығында да смарт технологиялар кеңінен енгізілуде. Сарапшылар тұрғындар тарапынан да диджитал жүйеге сұраныс артқанын айтады.
Нұрсұлтан Сафарғалиев, жылжымайтын мүлік компаниясының маманы:
- Смарт технологиялары қосылған үйлер соңғы 5 жылда өте жақсы дамып жатыр. Өйткені адамдар қазір ақша төлеген сайын жайлылықты қалайды, қауіпсіздік жағын ойлайды. Мысалы көп кісілердің электромобильдері бар. Паркингте зарядтайтын болу керкек міндетті түрде. Одан кейін Face ID кіреберіске кіріп келгенде тіркеп алып, қауіпсіздік, өрт жағынан тезірек дабыл беру, сол жүйелердің болғанын қалайды.
Ал, елордада «Ақылды қала» ауқымды жобасы желтоқсан айында ресми түрде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жайында жуырда Президент көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының сөзіне сілтеме жасап хабарлады. Айтуынша, Президент бұл тәжірибені еліміздің барлық ірі қалаларына таратуды міндеттеді.
Руслан Желдібай, ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға арналған жиында Үкімет пен Астана әкімдігінің елордада «Ақылды қала» ауқымды жобасын жүзеге асыру бойынша нәтижелі жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жобаны ресми түрде іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Президент бұл тәжірибені Қазақстанның барлық ірі қалаларына таратуды міндеттеді.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллектіні дамытуға арналған жиында цифрландыру саласы айрықша мәнге ие екенін ескере, Үкіметті формализмнен аулақ болуға шақырған. Жасанды интеллект құралдарын экономиканың нақты секторына енгізу жұмыстарын жедел қолға алу тапсырылды.
Авторлары: Рухани Әбдірахман