Еліміздегі су тасқыны қаупі бар аймақтарда оның алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр , деп жазады Egemen.kz.
ТЖМ мәліметінше, өңірлерде 590 км қорғаныс бөгендері мен біліктері тұрғызылған, 822 км дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынған. Автомобиль және теміржол қатынастарында 960 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылған. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 км жуық түбін тереңдету, жағалауды нығайту және арналарды тазарту жұмыстары атқарылған.
Зардап шеккендерді қабылдауға арналған 3,5 мыңнан астам пункт дайындалып, броньнан босатылған жағдайда тіршілікті қамтамасыз ету құралдары мен мемлекеттік материалдық резерв техникасы айқындалған. Осы шаралардың барлығы халықтың қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал су тасқынынан болатын залалды барынша азайтуға бағытталып отыр.
Алматы облысындағы су тасқыны қауіпті учаскелерге аэровизуалды тексеру жүргізілді. Тексеру Бағыт Бартоғай су қоймасы, Ақтоған ауылы, Масақ ауылы, Іле өзенінің 164-ші км, сондай-ақ Бақанас, Бақбақты және Жиделі елді мекендерін қоса алғанда, Еңбекшіқазақ және Балқаш аудандарының су тасқыны қаупі бар аймақтарын қамтыған. Мүдделі органдардың өкілдерімен бірлесіп өзендерге, су қоймаларына және қар жамылғысына аэровизуалды тексеру жүргізілген.
Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жүйелерді қардан тазарту жұмыстары облыс көлемінде және қаланың барлық аудандарында жүргізілуде. Су тасқынының алдын алу мақсатында ТЖМ құтқарушылары, 20982 әскери бөлімінің, 30238 әскери бөлімінің қызметкерлері және Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанттары «Алтын Орда» шағын ауданында каналдарды, нөсер және су өткізу құбырларын қардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Барлығы 1,5 м тереңдікте 3 км қар тазартылды. Сондай-ақ Елек өзеніндегі мұз кептелістерін алдын ала жоюдың алдын алу мақсатында демалыс орындары орналасқан ауданда мұз кептелістерін алдын ала жою бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өзен арнасында жарылғыш заттардың көмегімен 5 мың шаршы метр аумақта жарылыс жұмыстары жүргізілді.
Жетісу облысының аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты, алдын алу шаралары жалғасып жатыр. «Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес қар жамылғысының деңгейі мен топырақтың ылғалдылығы былтырғы көрсеткіштерден асып түседі, бұл жоғары бақылауды қажет етеді. «Қазгидромет» алдын ала болжамы бойынша су басу қаупі жоғары аймақтарға Алакөл, Ескелді, Кербұлақ және Көксу аудандары жатады. Орташа қауіпті аудандарға – Панфилов және Сарқан, төмен тәуекелге – Талдықорған, Қаратал және Ақсу аудандары еніп отыр.
Қостанай облысында дайындық шаралары белсенді жүргізілуде. Өңірдің барлық аудандарында профилактикалық жұмыстар күшейтілді, су құбыры жүйелері тазартылды, инертті материалдар дайындалып жатыр. Су тасқынының алдын алу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде ТЖМ 68303 әскери бөлімінің 50 әскери қызметші мен 5 техникасы Абай облысынан Қостанай облысына жіберілген. Әскери қызметшілер су тасқынының ықтимал салдарын жою және қорғаныш құрылыстарын нығайту бойынша жұмыстар жүргізеді.