Түркістанда лауазымды тұлғалар ірі көлемде қаржы жымқырған

Қосшы

Түркістан облысының Табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ-нің бұрынғы басшысы И.Бегасилов пен оның сыбайластары мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Түркістан қалалық соты «Жасыл аймақ» КММ-нің бұрынғы басшысы И.Бегасиловқа, оның орынбасары А.Ерназаровқа, КММ заңгері М.Айнабековаға және кәсіпкер И.Муслимовқа қатысты үкім шығарған. Тергеу барысында олар техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, сапасыз және арзан пестицидтер мен гербицидтерді сатып алу арқылы 14,9 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған.

Сот үкімі бойынша И.Бегасилов 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал оның орынбасары А.Ерназаров, заңгер М.Айнабекова және кәсіпкер И.Муслимов 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар, барлық сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылған.