ТЖМ құтқарушылары әуе кемесінің фрагменттерін анықтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Отар елді мекені аумағында байланыс үзілген Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің тікұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жалғастырып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майлы дақтың болуы мүмкін екені анықталды.
ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде бұл аймаққа шықты. Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты. Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды.
Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Арнайы жабдықтар пайдаланылып жатыр: эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!