Наурыз-ана іс-шарасын «Балдырған» балабақшасы ұйымдастырған, деп хабарлайды 24kz.
Бүлдіршіндер ата-аналары мен қонақтарға арнайы концерт ұйымдастырып, өнер көрсетті. Бейжің қаласында домбыра күмбірлеп, қазақы ән шырқалды. Қойылымға өзге ұлт өкілдері де қатысты.
Айта кету керек, бұл – Қытайда жұмыс істеп тұрған жалғыз қазақ балабақшасы. Бөбекжай 7 жыл бұрын Қазақстан елшілігінің жанынан ашылған. Бүгінде қазақ дипломаттарының балалары ғана емес, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь мемлекеттерінің бүлдіршіндері қазақша тәрбиеленіп жүр.
Малике Алпысбайқызы, тәрбиеші:
- Қазақта «үлкенді құрметтеп, кішіні аялау» дейді. Алдымен сәлем беру, амандасудан бастап үйретеміз. Одан басқасын бірте-бірте қазақша ән үйретеміз, тақпақ жаттатамыз. Негізі қазақша тәрбие береміз.
Назгүл Назарбекова, «Балдырған» балаларды дамыту орталығының меңгерушісі:
- Қазір бізде 19 бала бар. Бір-бірінен қытай баладан қытайша үйреніп жатыр балаларымыз, қазақша үйретуге біз тырысып жатырмыз.