Индустриялық аймаққа инвестиция тартылды

Қосшы

Ақмола облысында республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

Ауданы 1 мың гектарға жуық индустриялық аймақ елордаға жақын орналасқан. Бұл – жаңа зауыттар мен өндіріс ошақтарын ашуға қолайлы барлық инфра­құрылыммен қамтамасыз етіл­ген аумақ. Қазір мұнда жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеден аса­тын инвестицияға ие жеті жоба жүзеге асырыла бастады. Ин­вес­­тор­лар географиясы Қытай, Түр­кия, Сингапур және Қазақ­стан елдерін қамтиды. Жоба­лар ая­сында 4,5 мыңнан астам жұ­мыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ах­метжанов пен Ауыл шаруашы­лығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.

Облыс әкімі өз сөзінде жаңа индуст­риялық аймақ өңір эконо­микасының дамуына серпін беріп қана қоймай, елдің индустрияландыру мен инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегиясында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсыр­масымен құрылған бұл рес­публикалық индус­трия­лық аймақта отандық және шетелдік жетекші компа­ния­лардың өндірістері орнала­сады. Өндіріс­тік қуаттар­дың шоғырлануы ауыл шаруашы­лығы, қайта өң­деу, логистика және басқа да сала­ларға мульти­пли­кативті әсер етіп, өңірдің дамуына тың сер­пін береді», деді М.Ахметжанов.

Өз кезегінде ауыл шаруа­шы­лығы министрі Айдарбек Са­паров бұл жобаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

«Бұл – еліміз үшін аса маңыз­ды жоба. Оның аясында жаңа өндіріс ошақтары іске қо­сы­лып, халықты жұмыс­пен қамту мүмкіндіктері кеңейе­ді. Мемлекет басшысы агроөнер­кәсіп кешенін дамытуға, өнер­кәсіпті өркен­дету­ге айрықша назар аударып отыр. Осы бағыт­та жер телімдері­мен қам­та­масыз ету, инженер­лік инф­ра­құрылым тарту секіл­ді қол­дау шаралары жүйелі түр­де іске асырылуда. Тек биыл­дың өзін­­де республика бойынша 180-ге жуық индустриялық жоба жү­­зеге асырылуда. Соның бірі – бү­гін іргетасына капсула салын­ған «AQMOLA» индустриялық ай­мағы. Оның елордаға жақын орналасуы – айқын артықшы­лық. Бұл жоба елорда мен еліміз­дің дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», деді министр.

Айта кету керек, іске асырыла бастаған жобалардың бірі – бидайды терең өңдейтін өндірістік кешен. Жобаны жүзеге асырушы – қытайлық «Dalian Hesheng Holdings» компаниясы. Жоба үш кезеңмен 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде натрий глутаматы, глютен ұнтағы және қосалқы өнімдер өндірісі іске қосылады. Қазіргі таңда инвес­тор бизнес-жоспар әзірлеп, қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарын бастады.

«Қазақстанда өңдеуші өнер­кәсіптің жаңа бағытын қалыптас­тыратын жобаны жүзеге асыру – біздің компания үшін үлкен мәртебе. Бұл – өз саласындағы ең озық жобалардың бірі. Біз бұл жобаға 900 млрд теңге инвестиция құйып отырмыз. Жақын арада кәсіпорында мың­нан астам жұмыс орны ашылады. Өнімнің бағасы мен сапасын арттыру үшін біз биоферментация мен биоинженерия салаларындағы соңғы технологияларды қолданамыз. Өнім Қытай, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа нарықтарында үлкен сұранысқа ие болады», деді «Dalian Hesheng Holdings» компаниясы филиалының директоры Яо Сунь.

Жоспарланған жобалар қатарында – клинкер өнімін шығаратын зауыттың құрылысы да бар. Бұл жобаны отандық инвестор – «Terracottas» Astana Ceramic ЖШС 2027 жыл­дың соңына дейін жүзеге асыра­ды. Ал агрохимиялық тыңайт­қыш­тар мен пестицидтер шығара­тын агрохимиялық кешен салуды түркиялық «YDA Group» компаниясы жоспарлап отыр. Сұйытылған табиғи газ өндіретін зауытты «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ салатын болады. Жаңа технология газды 600 есеге дейін сығуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Atasu Group» компаниясының көлік-логис­ти­калық орталығы, «Remsintez RK» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыты да бой көтереді.

Қытайлық «Eagle Architecture Technology Co., Ltd.» компания­сы битумдық шатыр гидрооқ­шау­лағыш материалдары, автоклавты газобетон блоктері, поливинилхлорид, алюминий фасадтары, витраждар, терезе және есік құрылғыларын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Ақмола облы­сында Көкшетау қаласы мен Це­­лин­о­град ауданында да өңір­лік ин­дустриялық аймақтар құрылған.