Астанада «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы өтті

Қосшы

«Астана Опера» сахнасында театр балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жаңа хореографиялық нұсқасында Пётр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан қойылым «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалінің афишасына енді. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен театрдың симфониялық оркестрі П.Чайковский музыкасын асқан шеберлікпен жеткізе білді.

Қоюшы балетмейстер Алтынай Асылмұратова К.Сергеев нұсқасы мен М.Петипаның түпнұсқа қойылымынан шабыт алып, туындының классикалық сипатын сақтай отырып, жаңа заманауи спектакльді өмірге әкелді.

Аврораның образын театрдың прима-балеринасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева тамаша сомдады. Дезире ханзаданың бейнесін театрдың премьері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан шебер орындады. Әртістер зұлымдықты жеңіп, ізгілік пен махаббат салтанат құрған ғажайып ертегіні би өнері арқылы шебер баяндады.

Сахнадағы «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның француздық барокко стиліндегі салтанатты костюмдерін, заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерионың сызбалары бойынша Риккардо Массиронидің көркем декорациялары көрерменге ұсынылды.