Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқы санының қанша пайызын әйелдер құрайтынын жария етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, Қазақстандағы әйелдер саны 10 381 377 адамды құрайды, бұл еліміздегі жалпы халық санының 51,1%-ы. Соңғы он жылда әйелдер саны 15,2% өсті.
Әйелдердің 64,4% қалаларда, 35,6% – ауылдық жерлерде тұрады.
Әйелдер саны бойынша өңірлер арасында Алматы алда келеді – 1,2 млн әйел. Екінші орында Түркістан облысы – 1 млн әйел, ал үшінші орында 803 мың аруы бар Астана.
Соңғы он жылда әйелдер санының ең жоғары өсімі елордада байқалған – 82,1%. Алматыда қыз-келіншектер саны 37,5%-ға, Маңғыстау облысында 32,5%-ға өскен.
Жас құрамы бойынша әйелдердің 3,3 млн 18 жасқа дейінгі жаста, 18-60 жас аралығындағылардың саны 5,3 млн және 60 жастан асқандар саны 1,7 млн. Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы 34,1 жасты құрайды.
Бүгінгі таңда 4,4 млн әйел әр түрлі салаларда жұмыс істейді, олардың басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында еңбектенеді.