Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы қаншама жерден жазылды десек те, әлі де болса оның айтылмаған, жазылмаған тұстары көп. Толық болмаса да, бірте-бірте жыл өткен сайын соғыс шындығы айтылып жатыр. Ақиқаты енді ғана айтыла бастаған мәселенің бірі ретінде соғыс жылдары ерлік жасап, көзге түскен және еленбей қалған тұлғалардың өміріне қатысты деректерді айтуға болады. Сондай тұлғалардың бірі – 1941–1944 жылдары майдан даласында батальон, полк командирі болып, әскери шені подполковникке дейін көтерілген Мұса Шайкеұлы Сәдібеков (Садыбеков). Соғыс аяқталғаннан кейін 40 жылдан аса уақыт уақыт бойы есімі ардагер ретінде елеусіз қалып келді.
Мұса Сәдібековтің өз қолымен жазған өмірбаянында 1915 жылы 25 мамырда төңкеріске дейінгі әкімшілік жүйе бойынша Орынбор губерниясы, Торғай облысы, Ырғыз уезі, Қабырға болысының №4 ауылында дүниеге келген. Бұл – кеңестік кезеңдегі әкімшілік құрылым бойынша Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сарбасат ауылдық кеңесіне қарасты Сарбасат ауылы. Ал қазіргі Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе ауылы. Әкесі Шайх, қарапайым балықшы, ал анасының есімі – Ақсұлу. 1920–1921 жылдары бүкіл елді жайлаған аштық кезінде алдымен 1920 жылы әкесі, ал келесі жылы анасы о дүниелік болады. 1928 жылға дейін Шалқар, Қазалы қалаларындағы жетім балаларға арналған үйлерде тәрбиеленеді. 1928 жылы Орынбор қаласындағы рабфакқа (Жұмысшы-шаруа факультеті) түсіп оқиды. 1930 жылдың қазаны мен 1932 жылдың желтоқсаны аралығында Орынбор атты әскер полкінің курсанты болады да, оны бітірген соң Саратов қаласындағы әскери училищеде оқиды. 1935–1938 жылдары Жаркент шекара отрядында, хатшы-аудармашы, одан кейін Баку Таулы атқыштар дивизиясында взвод командирі қызметін атқарады. 1938 жылдың ақпан айында запасқа шығып, елге оралады. 1941 жылдың қаңтарына дейін Арал ауданында халыққа білім беру бөлімінде инспектор болып еңбек жолын жалғастырады. 1939 жылдың 6 шілдесінде Мұса Сәдібеков Диляфрусь Мухамедьяровна Хамзинамен отбасын құрады.
1941 жылы фашистік Германияның КСРО-ға басып кіруімен сол кездегі кеңес халқы үшін соғыс басталады. Соғыстың алғашқы айларында-ақ кеңес әскерінің батыс шекаралық аймақтарда тас-талқан болып жеңіліс табуы, сондай-ақ қоршауға алынып, бірнеше жүз мыңдап тұтқынға түсуі тез арада жаңа әскери құрамаларды құруды қажет етті. Соған байланысты жер-жердегі әскери округтерде дивизиялар мен бригадалар құрылады.
1941 жылдың шілде айында Ақтөбе қаласында 312-атқыштар дивизиясы жасақтала бастайды. Мұса Сәдібеков осы дивизияның 1079-атқыштар полкіндегі атқыштар батальонына командир болып тағайындалады. Сол жылдың 17 тамызында дивизияның жеке құрамы әскери ант қабылдайды да, келесі күні эшалонмен майданға аттанады.
312-атқыштар дивизиясы шұғыл түрде 1941 жылдың 23 тамызында Ленинград облысы Валдай ауданының аумағына жеткізіледі. Осы күндері 312-дивизияның 1079-атқыштар батальонының командирі аға лейтенант Мұса Сәдібековке 1941 жылдың 13 қыркүйегінде капитан әскери шені беріледі.
1941 жылдың 1–9 қазан күндері немістің «Орталық» армиялар тобының «Тайфун» операциясы нәтижесінде кеңес әскері Вязьма түбінде қоршауға алынып, көп шығынға ұшырайды. Соған байланысты 312-дивизия шұғыл түрде Мәскеу түбіндегі Можайск қорғаныс шебіне әкелінеді. Мұса Сәдібеков қызмет атқаратын 1079-атқыштар полкіне Малоярославец қорғаныс ауданын бекітіледі. 1941 жылдың 12–27 қазан аралығында 312-дивизия өзіне тапсырылған әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап, Малоярославец қорғаныс бөлігін ұстап тұрады. Дегенмен дивизия бөлімдері ауыр шығынға ұшырайды. Осы күндердегі ауыр ұрыстың бірінде, дәлірек айтсақ, 13 қазан күнгі ұрыста батальон командирі Мұса Сәдібеков жарақат алып, госпитальге түседі. Ол желтоқсан айында ғана емделіп шығады. Осы күндерде көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Ал екі айдай әскери госпитальда емделіп шыққан капитан Мұса Сәдібеков 1941 жылдың желтоқсан айында бірден Ақтөбе қаласында жасақталып жатқан 101-жеке ұлттық бригадаға жолдама алады. Ол бірден батальон командирі болып тағайындалады. Бригаданың әскери жаттығуы 1942 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бригаданың әскери дайындығын тексеру үшін 1941 жылың 19 мамырында Мәскеуден Мемлекеттік қорғаныс комитетінің мүшесі, Кеңес одағының маршалы К.Е.Ворошилов келеді. Бригада командирінің ауырып қалуына байланысты бригаданың дайындығы туралы рапортты маршал алдында М.Сәдібеков баяндайды. Маршал бригаданың дайындығына жоғары баға береді. М.Сәдібековтің арқасынан қағып, арғымақ сыйлайды.
Маршалдың ықпалы болуы керек, ол осы байқаудан кейін бригада командирінің орынбасары қызметіне жоғарылайды. М.Сәдібеков 1942 жылдың 6 шілдесінен бастап бригада командирінің бірінші орынбасары қызметін атқарады. Ал тамыздың 31-і күні оған кезекті әскери шен – майор шені беріледі. Бұл кезде М.Сәдібековтің жасы бар болғаны 27-де болатын.
1942 жылдың тамыз айының ортасында 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасы майдан даласына қарай аттанады. Олар Мәскеу маңындағы Ногинск қаласына келеді. Сол маңда орналасып, бригада штат бойынша толық қару-жарақ, оқ-дәрімен, зеңбірек, снарядтармен қаруланады. Бригада тағы бір ай бойы жаттығып, одан әрі ширыға түседі. 1942 жылдың 30 қыркүйегінде 101-бригадаға КСРО Жоғары Кеңесі президиумының Жарлығымен Жауынгерлік Қызыл Ту тапсырылады.
Жауынгерлік Қызыл Ту алған 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасы тағы да пойызбен жолға шығып, Мәскеу арқылы батысқа қарай жол тартады да, Ржев үшін соғысқа кірісіп кетеді. 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасына 39-армия құрамында болып, «Марс» операциясы барысында Ржев қаласынан батысқа қарай 25–30 шақырымдай жерде орналасады. Сол жерден оңтүстік бағытқа қарай шабуыл жасай отыра, елді мекендерді азат ету міндеті жүктеледі. Дәл осы кезде 39-армия құрамында Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасы 101-бригададан батысқа қарай 30 шақырымдай жердегі Молодой Туд өңірінде орналасып, олар да «Марс» операциясына қатысады.
«Марс» операциясы 1942 жылы 25 қарашада басталады. Ал 28 қарашада бригаданың негізгі күштері – атқыштар батальондары шабуылға шығып, бірнеше күн ішінде 4–5 елді мекенді жаудан азат етеді. Мишуково елді мекенін немістер өте мықты қорғанысқа айналдырған екен, оны бірден алу қиынға соғады. 101-бригада да бір айдай уақытқа созылған операция барысында басқа да әскери бөлімдер секілді қатты шығынға ұшырайды.
Міне, осыдан кейін бригада екінші эшалонға шығарылып, қатарын толықтыруға кіріседі. Ал бригада командирінің орынбасары М.Сәдібеков 1942 жылдың 5 ақпаннан бастап 39-армияның кадрлар бөліміне алынады да, бір айдан кейін басқа әскери құрамаға жіберіледі.
Бір айдай уақыттан соң майор шеніндегі Мұса Сәдібеков 1943 жылдың 3 наурызында Калинин майданы, 43-армияның 179-атқыштар дивизиясындағы 215-атқыштар полкінің штаб бастығына тағайындалады. Майор М.Сәдібеков штаб бастығы қызметін атқарған 215-полк 1943 жылдың көктем-жаз-күз айларында Ресейдің Смоленск облысын, Белоруссияның Витебск облысын жаудан азат етуге қатысады. Ол штаб бастығы ретінде полктің жауынгерлік даярлығына аса жоғары мән береді, небір жаңашыл әдістерді өмірге енгізуге тырысады.
1943 жылы 25 маусымында Мұсекең кезекті әскери шен – подполковник шенін алады. 1944 жылдың қаңтарына дейін, яғни бір жылға жуық уақыт полктың штаб бастығы қызметін абыроймен атқарады да, жаңа қызметке жоғарылайды. 1944 жылы қаңтардың алғашқы күндерінен бастап М.Сәдібеков жаңа қызметке – 1-Прибалтика майданындағы 43-армия құрамындағы 179-атқыштар дивизиясы 259-атқыштар полкінің командирі міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалады. Ал жарты айдан соң 43-армия құрамындағы 145-атқыштар дивизиясы 599-атқыштар полкінің командирі қызметіне кіріседі.
Ол полк командирі қызметін атқарған кезде оның атағы мен абыройын аспандатқан бір оқиға болады. Сол оқиғадан кейін оның есімін бүкіл ел білді десек, ол артық айтқандық емес. 101-бригаданың ардагері, көпті көрген, ғасырды бағындырған Ізгілік Дабаев кітабында сол оқиға туралы төмендегіше жазады. «1944 жылы Жаңа жыл алдында Кремльде кеңес жауынгерлеріне арналған қабылдауда Бауыржан Момышұлы, Мұса Сәдібеков, Мәлік Ғабдуллин болды».
Осы оқиға туралы журналист-тарихшы, «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ офицерлері» атты он томдық жинақ шығарған Жұмабай Доспанов ағамыз былай деп жазады: «1944 жылдың сәуірінде И.В.Сталин Кремльде одақтас республикалар генералдары мен аға офицерлеріне қабылдау жасағанда, Қазақ КСР-і дастарқанында полковник Б.Момышұлы, подполковник М.Сәдібеков және Кеңес Одағының батыры, майор М.Ғабдуллин отырады».
Біздің ойымызша, И.В.Сталиннің Қызыл Армияның құрылған күніне байланысты генералдар мен аға офицерлер құрамын Кремльдегі қабылдауы 1944 жылы 23 ақпанға орайластырылып жасалған сияқты және подполковник М.Сәдібеков жерлестері – Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндермен осы қабылдауда болған.
Қазақстан үкіметі 1944 жылдың басында Қазақстанда Қорғаныс Халық комиссариатын құруды жоспарлап, алдымен оған жоғары білімді және тәжірибелі мамандар іздестіреді. Осы кездері үкімет назарына жасы 28-де, қызметі – полк командирі, шені подполковник Мұса Сәдібековтің аты-жөні түседі. Сөйтіп, Қазақ КСР Халық Комиссарлар кенесі төрағасының орынбасары Исағали Шарипов қол қойған ресми телефонограмма КСРО Қорғаныс Комиссариатына жолданады. Хаттың жіберілген күні 1944 жылдың 16 наурызы. Ал оның мазмұны мынадай:
«Жолдас генерал-майор Свиридовқа. Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесі сізден жолдас подполковник М.Ш.Сәдібековті қысқа уақытқа демалыс беріп, Қазақ Әскери комиссариатына Қазақ КСР Қорғаныс Халық комиссариаты құрылғанға дейін іссапарға жіберуіңізді сұрайды».
Жерлесіміз Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесінің Қазақстанда Қорғаныс Халық комиссариатын ұйымдастыру ісіне байланысты үкіметтен арнайы шақырту алып, қысқа мерзімге демалыс алады. Майдан даласынан Мәскеу қаласына келеді, одан әрі Орта Азия Әскери округінің штабы орналасқан Ташкент қаласына поезбен жолға шығады. Орта жолда өзінің әскерге шақырылған жері, отбасы тұрған және соғысқа дейін жұмыс істеген қаласы – Арал қаласына келеді. Туған қаласы подполковникті өте жақсы қарсы алып, әртүрлі мекемелер мен мектептерде кездесу өткізіледі. Одан кейін Алматы қаласына келіп, үкімет адамдарымен кездеседі, болашақ Қазақ КСР Қорғаныс Халық комиссариатын құрумен айналысып жүрген жауапты адамдармен әңгімелеседі.
Осы кезде Алматы қаласында жүрген подполковник Мұса Сәдібековке 1944 жылдың сәуір айында аралдық екі жас офицерлер жолығып, жеке бастарындағы мәселелерін шешіп беруді өтінеді. Сөйтсе, олар майданда жараланып госпитальге түседі де, одан емделіп шыққаннан кейін қысқа мерзімге демалыс алып, туған жеріне келеді. Офицерлер ағайын-туыстың ортасына келген соң, әскери комиссариатқа әскери есепке тұруды естен шығарады және демалыс уақытын өткізіп алады. Олардың жағдайы соғыс жылдарының заңына сәйкес нағыз қылмыс болып саналып, қылмыс заңы бойынша майданнан қашқандыққа жатқызылады. Олардың ойынша бұл мәселені шешсе, тек қан майданда полк командирі, подполковник әскери шені бар, ең бастысы атағы мен абыройы мықты М.Сәдібеков қана шеше алады.
Жағдайды түсінген подполковник М.Сәдібеков екі жас офицермен Арал қаласына келеді. Ол 1944 жылдың мамыр айында Арал аудандық әскери комиссариатындағы жауапты адамды күштеп отырып, екі жас офицердің мәселесін шешіп береді. Міне, оның осы іс-әрекеті көп ұзамай, М.Сәдібековтің үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз болады. Оның беделі мен абыройын мүлде төмендету үшін тағы да бірнеше жағымсыз істі оның мойнына ілуге күш салады. Ал ол кезде кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеу-жазалау машинасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғандықтан кімге болса да қаралайтын құжаттарды ұйымдастыру онша қиын емес еді.
Арал аудандық әскери комиссариатының түсірген шағымы бойынша алғашқы сот үкімі 1944 жылдың 25 қазанында шығарылады. Одан кейін тағы сот процесі жүріп, 1945 жылдың басына дейін Әскери сот коллегиясы М.Сәдібековтің ісі бойынша бірнеше рет қарап, ақыры төмендегідей үкім шығарады. Біріншіден, оның іс-әрекетін қылмыстық әрекет деп таниды. Екіншіден, оны «подполковник» әскери шенінен және соғыс жылдары алынған орден-медальдарынан айырады. Үшіншіден, Әскери сот алдымен оны жеке статьямен бес жылға соттайды. Одан кейін тағы сот процесі жүріп, тағы да статья қосылып, ол бойынша үш жыл тағы қосылады. Сөйтіп, жалпы сегіз жылға сотталады. Жазаның түрі былайша белгіленеді : «... Құқықтарын жоймай және жеке мүлкін тартып алмай (конфискацияламай) Еңбекпен түзеу лагерінде (ИТЛ) 8 жылға сотталсын». Жазаны өтеу уақытының басталуы 1944 жылдың 25 қазаны деп белгіленеді.
1946 жылы жазасын өтеп келгеннен кейін Мұса Сәдібеков өзіне тән табандылығының арқасында әскери шенін қайтарудан үмітін үзбейді, күреседі. Сонымен қатар ол қол қусырып қарап отырмайды. Ол Қызылорда қаласындағы мұғалімдердің білімін жетілдіретін институтқа аға әдіскер болып орналасады да, жұмыс істей жүріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Оны 1949 жылы тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Одан кейінгі еңбек өтілі төмендегіше жалғасады. Қармақшы ауданындағы Молотов атындағы орта мектепте, Жаңақорған ауданындағы БЛКЖО-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепте, Арал ауданы Қамыстыбас орта мектебінде, Арал қаласындағы Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебінде – мұғалім, оқу ісінің орынбасары болып еңбек етеді. 1956–1957 жылдары Қызылорда облысы Арал ауданы Аралсульфат (қарапайым халық «Сольтрест» деп те атайды) кентіндегі №19 Сольтрест орта мектебінің директоры болып жұмыс істейді.
1953 жылы 5 наурызда Кеңес Одағының басшысы И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін КСРО Жоғары Кеңесі президиумының жарлығымен 27 наурызда кезекті «Амнистия туралы» заңды қабылдайды. Осы заңға сәйкес Мұса Сәдібеков толық ақталады да, барлық азаматтық құқықтары қалпына келтіріледі. Сол кезде қалыптаса бастаған «жылымық» жылдары ол өзінің подполковник әскери шені мен соғыс жылдарында алған ордендері мен медальдарын қайтару үшін күресе бастайды. Шамамен 1953–1955 жылдар аралығында КСРО Қорғаныс министрінің атына бірнеше рет өтініш-хаттар жазады. Солардың бірі 1954 жылы 30 желтоқсанда КСРО Қорғаныс министрі, маршал Н.А.Булганинге жазылады. Ол хатта өзінің жағдайын М.Сәдібеков былай деп қысқаша түсіндіреді. «1944 жылы майданда полк командирі қызметін атқарып жүрген жерінен Орта Азия әскери округіне шақырылғанын, сонда резервте жүріп, билікті асыра қолданғаны үшін әскери трибуналмен 5 жылға сотталғанын, подполковник әскери шенінен айырылғанын және сот үкімі бойынша кесілген жаза уақытын 1946 жылы өтеп қойғанын айтып өтеді. Өзінің әскери шені мен соғыс жылдары алған әскери марапаттарын қайтаруын өтініп сұрайды».
Есіл ер өмірінің соңғы жылдары Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл поселкесінде поселкелік кеңестің төрағасы қызметінде өтеді. Осы қызметінде жүріп, ол 1972 жылы 57 жасында қайтыс болады. Сүйегі Сексеуіл кентіндегі орталық қорымда қойылған.
М.Сәдібековтің отбасында төрт ұл, екі қызы дүниеге келеді. Олардан таралған ұрпақтар Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында тұрып жатыр.
Тарихта мынадай бір заңдылық бар. «Тарихи тұлға жеке басына емес, халқына сіңірген еңбегіне қарай бағаланады». Подполковник М.Сәдібеков 1941–1944 жылдары Отанын қорғау үшін бар күшін салды, аянбай соғысты. Осы еңбегі бірінші орында тұруы керек. Әзірге, қазіргі күнде бар болғаны Арал қаласында Мұса Шәйкеұлы Сәдібеков атындағы көше ғана бар.
Менің ойымша, подполковник Мұса Сәдібековті ұлт батыры, ұлттық деңгейдегі тарихи тұлға деңгейіне көтеру үшін мынадай шараларды жүзеге асыру қажет деп есептеймін: 1) Көзі тірі кезінде әскери шенін қайтара алмаған Мұса Сәдібековтің подполковник әскери шенін ресми қайтарылуы керек. Содан кейін барлық жерде «Подполковник Мұса Сәдібеков» деп атау керек. 2) Мұса Сәдібековке қатысты қатысты барлық жоспарланған игі іс-шараларды ұйымдастыру, басқару, жүзеге асыру үшін ең алдыменен, «Мұса Сәдібеков атындағы қоғамдық қор» құру қажет. 3) Подполковник М.Сәдібековтің туған күні 25 мамыр. 2025 жылы оның туғанына 110 жыл толады. Осыған байланысты батырдың мерейтойына орай Арал ауданында еске алу және мерекелеу шараларын өткізу керек. Осы шараларды жүзеге асырсақ, онда біздер, елеусіз қалған есіл ердің аруағы алдында бір парызымызды өтедік деп айта аламыз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі