Алматы облысы Іле аудандық соты 2025 жылғы 12 маусымда абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекет жасады деп айыпталған жүргізушіге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды облыстық соттың Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Соттың хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған.
Сот 2024 жылғы 29 қазанда Іле ауданындағы "Сокол" СТК аумағында бейнеролик түсіру кезінде азамат Е. қаза тапқанын, ол П. басқарып отырған жүріп келе жатқан көліктің үстінен секіруге әрекет жасағанын анықтаған. Сонымен бірге кәсіби дайындықтың және әрекеттердің келісілмеуінің салдарынан бұл трюк қайғылы оқиғамен аяқталғаны да белгілі болды. Салдарынан жүргізуші жас жігітті қағып кетіп, оған өлімге әкелетін жарақаттар келтірген.
Прокурор көлікті тізгіндеген ер адамға бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, алайда жәбірленушілердің әрқайсысына 100 млн теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаппен келіспейтінін жеткізді.
Жәбірленушілер бұл қылмыс қасақана жасалған деп санап, істі ҚР ҚК-нің 106-бабына қайта саралауды сұраған.
Сот хабарламасына сай Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі бойынша сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сотта зерттелген қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде бейне жазбалармен толық дәлелденген. Осылайша сот көлік жүргізушісін 104-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының кәмелетке толмаған мүгедек баласының бар екені, шын жүректен өкінгені ескерілген.
"Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жаза ҚР ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес белгіленді. Сондай-ақ сот моральдық зиянды өндіру туралы шешім шығарды:
Жәбірленуші А.-ның пайдасына — 3 000 000 теңге;
Жәбірленуші А.-ның пайдасына — 2 000 000 теңге.
Материалдық зиянға қатысты сот жәбірленушілерге азаматтық іс жүргізу тәртібімен талап қою құқығын сақтап қалды", — делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.