Қазақстан мен Қытай: Уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестік

Қосшы

Мемлекет басшысының айтуынша, қос мемлекеттің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие және геосаяси сын-қатерлер мен халықаралық ахуалдың тұрақсыздығына қарамастан берік сақталып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайды еліміздің тату көршісі әрі уақыт сынынан өткен сенімді стратегиялық серіктесі ретінде атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Қытай Қазақстанмен ынтымақтастықта ешқашан саяси шарттар қойған емес. Елдің егемендігі мен қауіпсіздігіне көрсеткен қолдауыңызға ризашылық білдіреміз. Сондай-ақ Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз және әділ әлемдік тәртіп орнатуға бағытталған әрекеттерін құптаймыз, – деді Президент Тоқаев.

Ол сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, БРИКС+ және "Орталық Азия – Қытай" форматтарында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстан үшін ең ірі сауда-экономикалық серіктес екенін еске салды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартқан.

Президент мәдени-гуманитарлық саладағы нәтижелерге де назар аударды. Елімізде қытай мәдени орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай университеттері мен ғылыми-техникалық орталықтардың филиалдары ашылды. Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетіп келеді. Ал 2025 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы деп жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласындағы серіктестікке арнайы тоқталды. Қазақстанда кем дегенде екі-үш АЭС салу жоспары бары айтылып, бұл бағыттағы жобаларға жетекші компаниялар тартылып жатқанын мәлімдеді.

– АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. CNNC – әлемдік беделге ие компания, ол біздің нарықтан лайықты орнын алары сөзсіз. Бұған қоса, Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізетін сенімді әріптес, – деді Президент.