Алматы іргесіндегі Көктоған ауылында жарық жиі өшіп, халықты әуреге салады. Ауыл өркениеттен жұрдай, халық аптап ыстықта ауыз судан тарығып отыр. Тұрғындар жергілікті әкімдік мәселемізді талай жылдан бері шеше алмай келеді деп наразы.
Көктоған ауылында қазір 150-ге жуық түтін бар. Шаһарға іргелес жатса да, мұнда электр жарығы жиі өшеді. Тұтас ауыл жекенің меншігіндегі жалғыз трансформаторға қосылған. Электр сымдары мен бағаналар да қауіпсіздік талаптары сақталмай, бей-берекет орнатылыпты.
Ұлжан Мұрат, ауыл тұрғыны:
Дауыл тұрса болды, біздің жақ жаңадан қойылған, соның өзінде үзіліп қала береді. Бір күндей болмайды светтің өзі.
Көктоғандағы тағы бір түйткіл – ауыз су. Мына көк бөшкеге елдімекендегі жалғыз ескі құдықтан су жиналады. Ұңғымаға толған соң, су сорғы арқылы үйлерге беріледі. Алайда қысымның төмендігінен тұрғындар тіршілік нәрін қажетті мөлшерде пайдалана алмай отыр.
Бақытгүл Үрпекова, ауыл тұрғыны:
Міне, осылай тұрады, машинкаға кір жуа алмаймыз. Анау ұңғымаға бір апталап су жиналу керек екен. Содан кейін ағады. Міне, ағысын көріп отырсыңдар ғой.
Айдана Қуантхан, тілші:
Кей тұрғындар ыдыспен келіп осы жерден су жинап алады. Мұнда санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған. Құбыр ескіріп, шіріп, жарылып кеткен. Бірақ ауыз суды осылай жинауға мәжбүр.
Халық әкімдіктің жыл сайын құрғақ уәде беруінен әбден мезі болдық дейді. Осы жолы да жергілікті билік өкілі мәселенің бәрі қаржының бөлінбеуінен деп жауап берді.
Салауат Қазиев, аудандық ТҮКШ тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Қазіргі күнге бір частный физлицодан жер учаскісін сатып алдық. Болашақта сол жерге су ұңғымасын орналастыратын болады. Енді сол скважиналар бұрынғы совет үкіметінен келе жатқан жағдайы бар. Қазір қаражат бөлінсе, электр снабжение бойынша тоже келесі жылы қалдырып отыр.
Алайда жаңа ұңғыма салу, ауылды жарықпен толық қамту жұмыстары қашан басталатынын дөп басып айту қиын дейді әкімдіктегілер. Сондықтан ауыл халқына тағы біраз жыл шыдауына тура келеді.
Айдана Қуантхан