Шымкенттегі дендросаябақта кітапхана мен шахмат клубы салынып жатыр

Қосшы

Шымкенттегі дендросаябақта кітапхана мен шахмат клубының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Жобаға жауаптылар: «Мәдениет ошағы тұрғындардың игілігі үшін қажет», – дейді. Алайда экобелсенділер жасыл желекке зиян келе ме деп алаңдайды. Саябақта сирек кездесетін ағаштар мен өсімдік түрлері өседі.

Дендросаябақты құрылыс қызу жүріп жатыр. Кітапхана мен шахмат клубының іргетасы қаланды. Бұл нысандар жекенің қаражаты есебінен салынып жатыр.

Есдәулет Достияров, дендросаябақ директоры:

- Дендросаябақ ғылыми бағыттағы мекеме болғандықтан, мұндай кітапханалар болуы шарт, болуы тиіс. Бұл жерде ғылыми бағытпен қатар әмбебап кітапхана болады. Ғылыми кітаптар, тарихи кітаптар, әдеби кітаптар – барлығы аралас болады. Бұл жерде ешқандай талдар кесіліп жатқан жоқ. Өйткені бұл жаққа зиян келетін жағдайлар істелініп жатқан жоқ.

Демалыс орнына жиі келетін белсенді Айсұлу Құнанбаева: «Жаңа нысандар салмас бұрын саябақты реттеп, ағаш-талға күтім жасау керек», – дейді. Жалпы құрылыстан қоршаған ортаға зиян келеді деп алаңдайды. Экобелсендінің айтуынша, дендросаябақ балаларға табиғатты таныстырып, ерекше өсімдіктерді көрсетіп, тәлім мен тәрбие беретін орын болу керек.

Айсұлу Құнанбаева, экобелсенді:

- Қараңызшы, бәрі қурап кеткен. Шөп жоқ. Ат тұяғы таптап тастаған сияқты. Бұл жерге кәсіпкерлерді жақындатуға болмайды. Тек демеуші ретінде іс-шара өткізуге қатыстыруға болады. Саябақ ішінде бизнес жүргізу айналаға қауіпті.

Саябақ 1979 жылы бұрынғы қоқыс полигонының орнында құрылған. Қазір мұнда 200-ден астам ағаш-талдың түрі өседі. Қала билігі жасыл желекке зиян келмейді деп сендірді. «Керісінше, саябақты жаңғыртуға күш саламыз», – деп отыр. Соңғы жылдары су тапшылығынан ағаштар қурай бастаған еді.

Жауаптылар ұңғыма қазып, жерасты суын пайдалануды ойлады. Алайда кейін бұл жобадан бас тартты. Себебі қымбат әрі ұзақ уақыт керек. Соңында негізгі магистарльды каналға жөндеу жүргізу туралы шешім қабылдады.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Қала әкімі тапсырма беріп, магистральды канал жөнделді. Қазір ол жерден секундына 250-300 текше метр су келіп жатыр. Бұл дұрыс шешім болды. Қазір дендросаябақта су тапшылығы жоқ.

Әкімдіктегілердің айтуынша, дендросаябақ толықтай мемлекет меншігінде қалады. Өсімдік түрлері көбейтіледі. Қазірдің өзінде Ташкент пен Бішкектегі ботаника бағының ұжымымен әріптестік орнатты. Саябаққа бұрын болмаған өсімдік түрлері әкелінеді.

Авторлары: Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов