2040 жылға қарай сирек металға жаһандық сұраныс төрт есе өседі. Ал қазақ жерінде сирек металдың мол қоры бар. Оның үстіне кейінгі жылдары 100-ден астам жаңа кен орны ашылды. Әлі де барланып жатқан әлеуетті орындар жеткілікті.
Қазір елде Еуропалық одақ экономикасы үшін маңызды 34 сирек элементтің 19-ы өндіріледі. Бұлардың ішінде бериллий, тантал, ниобий және рений сынды металдардың құны тіпті жоғары. Себебі бұлар электроника, қорғаныс, энергетика және телекоммуникация салаларын дамытуға таптырмай тұр. Ал титан нарығының ауқымды бөлігі отандық өндірушілердің үлесінде.
Титан нарығының 11% Қазақстан еншісінде
Қазақстан әлемдік титан нарығының 11%-ін қамтамасыз етіп отыр. Ал жаһандық аэроғарыш өндірісінің 21%-і біздің шикізатты пайдаланады.
Жалпы қазақ жері сирек металға бай. Мәселе – бар байлықты кәдеге жаратып, дайын өнім алу. Бұл бағытта жетістік бар. Мәселен, бериллий, тантал мен ренийді толық өңдеу циклі жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда елде 100-ден астам кен орны ашылды. Қазір жер қойнауында 2 млн 400 мың тонна вольфрам, 1 млн тонна молибден бары белгілі. 227 мың тоннаға жуық литий, 117 500 тонна бериллий қоры анықталды. Сондай-ақ 27 200 тонна ниобий мен 4600 тонна тантал игеруге дайын жатыр.
«Қазақстан АҚШ-тың маңызды шикізаттар тізіміндегі 50 элементтің 19-ын және Еуроодақ тізіміндегі 34 элементтің 21-ін экспорттай алады. Отандық кәсіпорындар бериллий, титан, тантал, ниобий, рений, сурьма, висмут, селен және теллурды дайын күйінде немесе құрамдас бөліктер түрінде шығарады. Бұл біздің елімізді маңызды материалдар секторындағы негізгі жеткізушіге айналдырады» — Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Алтын өндірісінде 3400 жұмыс орны ашылады
Алдағы үш жылда отандық алтын өндірісінде 3400 жұмыс орны ашылады. Жалпы құны 780 млрд теңге болатын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. «QazIndustry» акционерлік қоғамының ақпаратына сүйенсек, осы үш жылда іске қосылатын кәсіпорындар арқасында 20 млн 600 мың тонна кен өңделіп, 21 тонна доре қорытпасы өндіріледі.
Жалпы кейінгі 10 жылда елде 19 жоба мәреге жетті. Жаңадан комбинаттар салынып, қолданыстағы кәсіпорындар жаңғыртылды. Бұлар жылына 27 млн 200 мың тонна кен өңдеп отыр. Шамамен 29 тонна алтын-күміс балқымасы алынды. Жобаларға барлығы 460 млрд теңге инвестиция салынды.
«Іске асқан жобалардың нәтижесінде 4400 жаңа жұмыс орны ашылды. Инвестицияның қомақты бөлігі алтын өндіру фабрикаларын салуға бағытталды. Жобалардың басым көпшілігі Ақмола және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Ал инвестиция көлемі бойынша 27,7%-пен Павлодар және 18,8% үлеспен Ақмола облыстары алдыңғы қатарда тұр» — «QazIndustry» АҚ
Отандық өндірісті қолдауға ₸1,2 млрд жұмсалды
Былтыр отандық кәсіпорындарды қолдауға 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы өндірісті жаңғыртып, тауарды ішкі нарыққа шығаруға кеткен шығынның бір бөлігін жабуға жұмсалды. Ал жыл басынан бері құны 148 млн 600 мың теңге болатын өтінімдер мақұлданды. Өтінім беру жағынан Алматы, Астана және Шымкент қалалары көш бастап тұр. Сондай-ақ Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының өндіріс ошақтары белсенділік танытып отыр. Салаларға бөлсек, ең көп өтінім машина жасау және агроөнеркәсіп кешенінен түскен. Бұдан бөлек, алдыңғы лекте металлургия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар бар.
«Кәсіпорындар шығындары бірнеше бағыт бойынша өтеледі. Мысалы, технологиялық жабдықты сатып алып, іске қосуға және техникалық қызмет көрсетуге кеткен шығынның 40%-не дейін қайтарылады. Бірақ қолдау сомасы жылына 60 млн теңгеден аспайды. Автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу және цифрлық жабдық сатып алу шығындары да төленеді. Сондай-ақ қолдау шаралары шеңберінде қызметкердің біліктілігін арттыруға немесе шетелдік маманды тартуға болады» — «QazIndustry» АҚ.
Тыңайтқыш өндірісі 4 млн тоннаға жетеді
Әлемдік нарықтағы тағы бір маңызды мәселе – тыңайтқыш. Қазір елде тыңайтқыш өндірісін күшейтуге күш салынып отыр. Яғни 2030 жылға қарай жергілікті шаруаларды азот, фосфор, калий сияқты негізгі тыңайтқыш түрлерімен толық қамтамасыз ету жоспары бар. Ал 2032 жылға таман жалпы тыңайтқыш өндірісін 4 млн тоннаға жеткізу көзделген. Бұл жерде карбамид, калий хлориді және дикальций фосфаты сияқты жаңа тыңайтқыш түрлерін шығару жоспарланып отыр. Осылайша Үкімет елдегі фосфориттер, калий тұзы, барит, күкірт, мұнай және газ сынды шикізат қорын барынша пайдалануға жоспар құрып отыр.