Сенатта Қазақстандағы үлестік құрылысқа қатысу шарттарын қатаңдататын заң қаралып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. Осылайша депутаттар салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерден ипотекаға жылжымайтын мүлік сатып алуға тыйым салуды ұсынып отыр.
Мұндай норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына енгізілді.
Айта кетерлігі, депутаттар құжат нормаларын бірінші оқылымда қолдап, екінші оқылымға қалдырды. Депутат Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, заң үлестік құрылыс саласындағы мемлекеттік реттеуді күшейтуге, заңсыз құрылыс үлесін азайтуға, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жол саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.
"Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша бүгінгі таңда үлестік құрылыста проблемалық мәселелер әлі де бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша елімізде тұрғын-үй үлестік құрылысын салу бағытында — 99 үй рұқсатсыз салынған және 42 проблемалық үйлер бар. Бұл факторлар кейбір құрылыс салушылар азаматтық қатынастарға сілтеме жасай отырып, жеке тұлғалармен әртүрлі келісімшарт жасайтындығына байланысты, бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпеу және нысандарды тапсыру мерзімдерін кешіктіру, сапасыз құрылыс және үлескерлер үшін шығындар сияқты жағымсыз салдарға әкеліп отыр", — дейді сенатор.
Енгізілген ұсыныстар
— салынып жатқан үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
- үлескерлердің қаржыларын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу;
- салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығы бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың бақылау жүргізу;
- салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйде жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотекаға тыйым салу;
- салынып жатқан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүргізу;
- тұрғын үй құрылысының жоспарлы мерзімін 9 айдан 5 айға ұзартуға рұқсат беру.
- бірыңғай оператордың кепілдігін алу және банктердің жобаға қатысу тәсілдерімен үлестік құрылыс кезінде талаптарды төмендету;
- уәкілетті компанияның көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы құрылысының аяқталуын күтпей, ЖАО рұқсатын алғаннан кейін бірден үлескерлердің ақшасын пайдалануға рұқсаты;
Сондай-ақ азаматтарға тұрғын үйді қауіпсіз сатып алу туралы кеңес беру, белгілі бір құрылыс салушыларда әкімдік рұқсатының не бірыңғай оператордың кепілдігінің болуы туралы ақпарат беру үшін Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады.
Сонымен қатар аз қабатты құрылысты дамыту мақсатында "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңның реттеу саласына "жеке тұрғын үйлер кешені" ұғымы енгізіледі.