Еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті қолдау қажет

Қосшы

Елдегі жеңіл өнеркәсіп саласында 30 мың адам еңбек етеді .

Оның 60 пайызы әйел. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі осындай.

Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімованың айтуынша, ішкі нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі 5-8% пайыз шамасында. Өкінішке орай, өнімді түгел сырттан әкелеміз. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресейдің дайын өнімдері мен шикізаты импортталады. Десе де, жеңіл өнеркәсіптің азық-түліктен кейінгі маңызға ие екенін ұмытпау керек. Әзірге өндірушілер бар күшін мемлекеттік сатып алуларға жұмсап жүр. Отандық өнімнің сапасы жоғары, алайда қарапайым тұтынушы үшін тым қымбат болуы мүмкін. Қауымдастық жетекшісі кәсіпкерлердің бір жүйеге келуі корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан 5 жылға дейін босатуды сұрайды. Осылайша отандық өнім құнын қолжетімді етуге, ішкі нарықтағы тауар үлесін арттыруға және бизнесті жаңа инвестициялық жобаларға ынталандыру мүмкін болады, дейді сарапшы.

Салтанат Әбдікәрімова, жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті:

- Біз импорттаушы елдермен бәсекелесе алмаймыз. Өкінішке орай, өз сауда желісінде немесе басқа серіктестерімен ортақ желіде өнімін ұсынып отырған брендтер саны онға жетпейді. Сауда орнын жалдау да арзан емес. Соған қарамастан, кәсіпкерлеріміз жұмыс істеп жатыр. Біздегі жалақы төмен. Сол себепті жұмысшыларды тарту қиынға соғып тұр. Жалақыны көбейтіп, реттелгенімізше, бізді салықтан босату керек. Мысалы, 2023 жылы жеңіл өнеркәсіп саласынан бюджетке 16 млрд теңге салық түсті. Оның 13 млрд-ы ҚҚС.

Биыл салада 9 инвестициялық жоба іске қосылу керек. Оның арқасында 600 мың жұмыс орны құрылады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Өндірісті дамыту қоры" арқылы жобаларды қолдауға жеңілдетілген несие берілетінін жеткізді. Мемлекеттік сатып алуға тек отандық кәсіпорындар қатыса алады. Дегенмен, қауымдастық жетекшісінің өз айтары бар.

Салтанат Әбдікәрімова, жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті:

- Мемлекеттік қолдау шаралары барлығына бірдей. Алайда, әр саланың шарттары әртүрлі екенін ескеру керек. Мысалы, бізде 6 айдан 9 айға дейінгі технологиялық процесс бар. Біздің кәсіпорындар жылына 1 рет тапсырыс алғаны үшін ақша алады. Алайда, оған дейін алынған шикізат үшін біз кедендік баж салығын төлейміз. Жыл бойы жұмысшыларға жалақы төлеуіміз керек. Демек, алдын ала төлеп қойған 12% қосылған құн салығы 20-24% болып кетеді. Сол себепті отандық кәсіпкерлерге жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру тиімсіз.

Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының экспорты артты

Былтыр жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының экспорты 218 млн доллардан асты. Бұл 4 жыл бұрынғы көрсеткіштен 3 жарым есе көп. Сыртқы нарыққа көбінесе тері өнімдері, текстиль және киім-кешек шығарылады. Бір ескерерлігі, салада тер төгіп жүргендердің 97 пайызы шағын кәсіп иелері. Ірі өндіріс 3% ғана. Елдегі 1400-ден аса жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнының 800-ден астамы тігіншілікке бейімделген. 500-ге жуығы текстиль, қалғаны тері бұйымдарын өндіреді. Өнімнің 70 пайызға жуығы Ресейге, он пайызы Түркия мен Қырғызстанға жөнелтіледі.