Әскерге барудан неге бас тартады?

Қосшы

Тәуелсіз еліміз өз шекарасын, тұтастығын және қауіп­сіздігін қорғауға міндетті. Бұл істі жүзеге асыратын негізгі құрылым – Қарулы күштер. Дегенмен кейінгі жылдары қоғамда армияға деген сенім азайып, жастар арасында әскери борышын өтеуге құлықсыздық байқалады. Бұл құбылыстың себептері қандай? Неліктен көп азамат әскерге барғысы келмейді?

Елімізде 18-27 жас аралы­ғындағы ер азаматтар үшін әске­ри қызмет – міндетті. Конс­титуцияның 36-бабы бо­йынша әрбір азамат елін қор­ғауға дайын болуға тиіс. Бірақ шын мәнінде жастардың бір бөлігі түрлі жолмен әскерден жалтаруға тырысады. Кейбірі денсаулық жағдайына сілтеме жасаса, басқалары жоғары оқу орындарына түсіп, одан кейінгі стипендиялық бағдар­ламалар арқылы бұл міндеттен құтылып жүр.

Олардың пікірінше, әскери қызметке барудан жалтарудың басты себебінің бірі – армия­дағы түрлі жағдайлар мен тәр­тіп мәселесі. 2023 жылы елі­мізде әскер қатарында бол­ған сарбаздардың арасында 15-ке жуық өлім жағдайы тіркелген. Бұл – ресми дерек қана. Содан да көптеген ата-ана балаларының өмірі мен денсаулығы үшін алаңдап, оларды әскерден алып қалу­дың жолын іздейді.

2022 жылғы деректерге сәйкес, елімізде әскери боры­шын өтеуден жалтарған аза­мат­тардың саны 7 мыңнан асқан. Олардың басым бөлігі медициналық анықтама, оқу немесе өзге себептер арқылы міндеттен босатылған.

Сонымен қатар «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, 18-27 жас аралығындағы аза­мат­тардың 62%-ы әскерге ба­руға ынтасыз екенін білдірген. Сауалнамада ең жиі кездес­кен себептер: әлімжеттік, нашар тұрмыстық жағдай және болашақ мансапқа зиян келуі. Осы көрсеткіштер елі­міз­дегі әскери жүйенің пробле­маларын нақты көрсетіп отыр және бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін дәлелдейді.

Әскери қызметтің мәселе­лерін айтқанда бірінші кезекте әлеуметтік жағдайлар мен әлімжеттік алға шығады. Көпшіліктің пікірінше, армияда «жарғылық емес қаты­настар» деп аталатын бейрес­ми тәртіп жүйесі әлі де бар. Жаңа келген сарбаздарға бұрынғы «ағаларының» қысым көрсетуі жиі кездеседі. Әлбетте, бұл армияға деген үрей мен се­нім­сіздік тудырады. Жас жігіт­тердің психологиялық күй­зеліске түсуі әскердің әлеуетін де төмендетеді.

Сондай-ақ халықтың аузын­да жүрген пікір – әскердегі ма­те­риалдық-тұрмыстық жағ­дай­дың төмендігі. Көптеген әскери бөлімде жатақхана, тамақ, киім және санитарлық жағдайлар сын көтермейді. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес, еліміздің кейбір гарнизондарында су мен жылу жүйесі ескірген, бұл сарбаздардың өмір сүру сапасын төмендетеді. Бұған қоса, кейбір жастар әскерге баруды білім мен мансап жолына кері әсер етеді деп санайды. Өйткені олар үшін бұл – бір жыл уақытты текке жо­ғалту. Оқудан қол үзіп, ман­саптық жоспарларын кейінге шегереді.

Қазіргі қазақ қоғамында әскери қызметке деген құрмет те азайып кеткені жасырын емес. Бұрын әскери форма кию ерлік пен мәртебенің белгісі болса, қазір көпшілік үшін ол жай ғана міндет болып қалды. Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары мен әлеуметтік желі­лерде әскери қызметтің жағым­сыз жақтары жиі айтылып, оң бейнелері сирек көрініс табады. Бұл да жастардың құлшынысына теріс әсер етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қа­зақ­стан: заң мен тәртіп, эконо­микалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында: «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әс­кер қатарында, ең алдымен, темір­дей тәртіп болуға тиіс. Қару­лы күштер мен басқа да күш­тік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», деген еді.

Президенттің Жолдауда бұл мәселеге арнайы тоқталуы мер­зімді әскери қызметте бел­гілі бір келеңсіздіктің орын алып жатқанын аңғартса ке­рек. Мәжіліс депутаты Нар­тай Аралбайұлы да был­тыр­ғы жылдың соңында Қорға­ныс министрінің атына жол­да­ған депутаттық сауалын­да әскердегі әлімжеттік мәселе­сін қозғай келе: «Сізге келе­сі шараларды қолға алуды ұсынамын. Еліміздің армия­сындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қа­был­дау қажет. Сондай-ақ әскерилердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға бағыт­талған іс-әрекеттерді күшейту керек», деп ұсыныстарын ортаға салғаны белгілі.

Біздің ойымызша, армия­ға баруды тартымды әрі се­німді ету үшін әскери қыз­мет­тің сапасын арттыру, атап айтқанда, жатақхана, тамақ, медициналық көмек, психологиялық қолдау сияқты негізгі қажеттіліктерге ерекше назар аударылуға тиіс. Әлім­жеттік мәселесінің ел аузында жүруі тегін емес. Оны түп-тамырымен жою үшін тәртіп бұзушылық жасағандардың жауапкершілігін қатайтып, бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттырған жөн деп есептейміз. Ашықтық пен әділдік болған жағдайда сарбаздардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Ең маңыздысы – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту керек. Мектеп пен колледждерде әскери-патриоттық сабақтар, арнайы курстар, кездесулер өткізу арқылы жастардың бойында Отанға деген сүйіс­пеншілік пен борыш сезімін оятқан жөн.

Еліміздің армиясы – қауіп­сіздігіміздің тірегі десек, қазіргі қоғамда жастардың әскерге барудан бас тартуы – жүйелі өзгерістерді талап ететін дабыл. Армияны жаңғыртып, оның беделін көтеру – тек сала мамандарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Егер ел болашағын ойласақ, онда жастарға армияны қауіп емес, құрмет пен мақтаныш көзі ретінде көрсетуіміз қа­жет. Сонда ғана ол нағыз азамат­тардың мектебі бола

алады.

Ділдана НҰРДІЛДА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті