Орманның күйген ағашын кесетін кәсіпкерлерге талап күшейді

Қосшы

Қостанай облысында өрттен кейін Әулиекөл орманын қалпына келтіру жұмыстары жарты жылдан бері тоқтап тұр. Себебі ағаш кесетін кәсіпкерлерге учаске бұрынғыдай келісімшарт арқылы емес, енді аукционмен беріледі. Яғни талап күшейеді.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Алапат өрттен кейін от шалған ағаштар түбі шіріп, қазір бірінен соң бірі осылай сұлап жатыр. Енді бұлар жерден ылғал тартып алса, тіпті кәдеге аспай, пайдаға жарамай қалады. Оған қоса мұндай жағдай жаңадан өсіп келе жатқан жас өскінге де өз зиянын тигізеді.

Аукцион жарияланбаған соң кәсіпкерлер амалсыз қол қусырып отыр. Ағаш кесіп күн көріп келген 150-ге жуық бригада қазір жұмыссыз қалдық дейді.

Қонысбай Есмақов, кәсіпкер:

Бес ай жұмыссыз отырмыз. Аукцион деген болады деп. Бізге аукцион керек емес еді. Қазір жұмысшыларымыз да тарқап кетті. Ағаштың сапасы нашарлап кетті. Бізден көп фирмалар кетіп қалды, себебі сапасы жоқ құрт жеп жатыр ағаштарды.

Талғат Хасенов, жеке кәсіпкер:

Не істеймін мен мына ағашты? Тегін берсең де мынаны ешкім алмайды. Сапасы жоқ жанып кеткен ағаш қой. Уақыт өткен сайын сапасы жоғалып жатыр. Материалға жатпайды. Отын деуге болады. Итеріп те құлатуға болады. Жай тұрған ағаш.

Орман алқабының 40 мың гектарын от шалды. Қазір тек сол аумақтың үштен бір бөлігі ғана тазартылған. Енді аукционды бастау үшін 330-ға жуық учаскенің құжаттары дайын тұр. Алайда кәсіпкерлерге талап күшеймек. Олардың арнайы техника жабдықтары мен жұмыскерлерінің кәсіпке сай білімі болуы тиіс.

Екатерина Клопова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Мұндай талаптарды орындау қиын. Екі жыл уақыт өткеннен кейін барып, біздің атқарып жатқан жұмыстарға сұрақ пен талаптар қойыла бастады. Бұл құқық қорғау орындарынан түскен ұсыныс хат қана болғанымен, ертең тағы осындай жағдай туындамас үшін мәселенің басын қазір ашып алуымыз керек. Әзір біз министрліктің шешімін күтіп отырмыз.

Мамандардың айтуынша, осы уақытқа дейін күйген ағаштарды заңсыз кесуге қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалған. Бұл салада да сыйбайластық өршіп тұр. Аукцион жемқорлықтың жолын кеседі.

Мақсат Елемесов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

Құжаттар дайын. Ертең аукцион gosreester.kz сайтында жариялануы тиіс. Тексеріс аясында күйген ағаштарды өңдеуге арналған учаскелер бекітіледі. Ал 25-26 маусым күндері аукцион қорытындысы шығады.

Жауапты мамандардың сөзінше, тағы бір мәселе – діңгегі жіңішке іске жарамайтын ағаштарды кесуге кәсіпкерлер құлықсыз. Себебі оларға түсетін пайда аз әрі артық шығын. Ал орманның 50%-нан артығы осындай жас қарағай. Бұл да жұмысты біраз тұралатты. Енді жаңа ереже бойынша кәсіпкерлер тиісті учаскені толық тазартуы қажет.

Мәдина Нағашыбай