Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялауы тегін емес. Себебі қазір «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, жоғары табыс табатын мамандықтардың насихаты көп. Соның салдары маман тапшылығына әкеліп отыр. Қазір елде 9,7 млн жұмыс күші бар. Оның 9,2 млн-ы экономиканың әр саласында еңбек етеді. Ал жұмыссыздық көрсеткіші 4,6 %. Бұл дегеніміз 451 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек таппай жүр деген сөз. Бәлкім таппай жүр деген тіркесті көрмей жүр деп алмастыруымызға болар. Мәселен «Электрондық еңбек» биржасында 51 мың бос жұмыс орны жарияланыпты. Оның 26 мыңы жұмысшы мамандықтар екен. Көш басын өндіріс саласы, көлік және логистика, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы бастап тұр.