Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады

Қосшы

Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағы мен жаңа жүк терминалының құрылысы басталады, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекет басшысы елде мультимодальды көлік хабын дамытуға басымдық бергеннен кейін осы стратегиялық маңызы бар жоба қолға алынды.

Шымкенттің әуежайын толыққанды мультимодальды хабқа айналдыруға дайындық жүріп жатыр. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті.

Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Министрлік бұл ұсынысты қолдап отыр. Жақын арада бізде мына Бюджет кодексіне, классификаторға өзгерістер енгізіліп, программа ашылғаннан кейін біз бұл жобаны мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы іске асырамыз. Іске асыру мерзімі 2025-2026 жылдар деп жоспарлап отырмыз. Өйткені 2027 жылы біз ескі ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жұмыстарына тұрғызуымыз керек.

Оңтүстік өңірлерде, әсіресе қыс айларында ауа райы жиі құбылады. Жауын-шашын мен тұманның кері әсері тимес үшін жаңа ұшу-қону жолағы заманауи навигациялық және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталады. Бұл кез келген ауа райында ұшақтардың қауіпсіз және тұрақты ұшып, қонуына мүмкіндік береді.

Салтанат Томпиева, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда әуехабтар дамып жатыр. Желтоқсан айында бізде Шымкент қаласында жаңа жолаушылар терминалы таныстырылды. Шымкент қаласы әуежайының өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға дейін ұлғайтылды. Халықаралық бағыттар бойынша Шымкенттен Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Сеул, Каир, Үрімшіге әуе қатынастары болады.

Шымкенттің Бас жоспарына сәйкес әуежайдың жанынан жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталады. Осылайша әуе, көлік және жүк тасымалы бір жерге шоғырланады. Ал инвесторлар үшін бизнесті өркендетуге қолайлы жағдай туады. Қазірдің өзінде ірі компаниялар келіп жатыр.

Лю Вэнь Цин, зауыттың бас директоры:

- Орталық Азия нарық үшін қолайлы болмақ. Біз сараптама жасап, керамикалық плиталар шығаратын зауытты Шымкетте салуға шешім қабылдадық. Жобаға 30 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды.

Әуе айлағын дамытудың жүк тасымалы мен бизнеске ғана емес, туризмнің дамуына да ықпалы мол. Тікелей рейстер алысты жақындатады. Саяхатшылар үшін жаңа бағыттар ашылады.

Бексұлтан Әділханов, Туризм, сыртқы байланыс және креативті индустрия басқармасының басшысы:

- Жаңа халықаралық әуе рейсі Шымкент қаласының туристік әлеуетіне өте зор үлесін тигізеді. Себебі туристер баратын бір қаланы таңдаған кезде ол бірден тікелей әуе рейсінің болуына назар аударады. Қазіргі таңда SCAT әуе компаниясы 7 қалаға тікелей әуе рейсін ашып жатыр. Бұл дегеніміз қалаға деген туристердің көптеп келуіне әсер ететіні сөзсіз.

Екінші ұшу-қону жолағының құрылысы екі жылға жоспарланған. Бұл Шымкенттің көлік инфрақұрылымын кеңейтіп, қаланы еліміздің оңтүстігіндегі ірі көліктік хаб мәртебесіне көтереді. Мамандардың пікірінше, мультимодальды орталық жолаушылар мен логистикалық компаниялар үшін тиімді. Өңірдің экономикасына да тың серпін береді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашыбекұлы