Океанолог Владимир Шевченко алдағы 25-50 жыл ішінде Каспий теңізіндегі су деңгейі төмендей түсетінін, ал мұның алдын алу қиынға соғатынын ескертті. Бұл туралы РИА Новости жазады.
П.Ширшов атындағы Океанология институты директорының міндетін атқарушы Владимир Шевченко басылымға ғалымдардың Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі туралы болжамын айтып берді.
"Су деңгейінің төмендеуіне жол бермеу қиын. Бұл жаһандық және аймақтық климаттың өзгеруі салдарынан болып жатқан табиғи құбылыс, бұл теңіз суының булану процесінің жеделдеуіне әкелді. Теңіз суы деңгейінің төмендеуіне төтеп беру өте қиын. Еділ ағыны соңғы жылдары шынымен де азайып келе жатқанын ескерсек, біз оны бұған себеп болып отыр деп те айта алмаймыз", — дейді сарапшы.
Ол 30 жыл ішінде теңіз деңгейінің 3 метрге төмендегенін атап өтті.
Ғалым, сонымен қатар, Каспий теңізі де Аралдың тағдырын қайталайды деп топшылаған дұрыс емес екенін ескертті.