Еуропада украиналық босқындар саны 6 млн 350 мың адамға жетті.
Олардың 4 миллионға жуығы ресми түрде босқын мәртебесін алған. Бұл БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының мәліметі. Кейінгі уақытта кей елдерде мигранттарды қабылдау саясатына наразылық күшейген.
Германия, Польша, Чехия, Испания, Ұлыбритания Еуропада украиналық босқындарды ең көп қабылдаған елдер. Испания Әлеуметтік қамсыздандыру және миграция министрлігінің мәлімдеуінше, 2022 жылдан бері елге 240 мыңға жуық украиналық босқын келген. Оның 40 мыңы мектеп жасындағы балалар. Уақытша қорғау мәртебесі оларға испан жерінде ресми тұруға, жұмыс істеуге, медициналық көмек пен білім алуға рұқсат береді. Дей тұрғанмен, кей саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар үкіметтің бұл саясатын жиі сынға алады.
Дани Ромеро, журналист:
- Бізге украиналықтардан бөлек Сенегал, Перу, Мали және Колумбиядан жыл сайын ондаған мың заңсыз мигрант келеді. Салдарынан қоғамда ұрлық, зорлық-зомбылық көбейді. Әрине украиналық босқындарға соғыстан шекара асуға мәжбүр болғандықтан білім алу, баспанамен қамту сияқты түрлі көмек көрсетіледі, бірақ осыған қарамастан араларында тілді тез үйреніп, еңбекке араласып кеткендер өте аз.
Украиналық Тамара мен Володимир қарулы қақтығыс басталғанда Киевтегі үй-жайын тастап, Испанияға үдере көшкендердің бірі. Босқын мәртебесін рәсімдеп, испан елінен пана тапқан отбасы елге оралуды армандайды. Жергілікті билік бар жағдайды жасап жатқанымен туған жерге жетпейді дейді. Сондықтан қайта жанданған бейбіт келіссөздерге үміт зор.
Володимир Крикун, украиналық босқын:
- Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге алаңдап отырған жайымыз бар. Екі ел бітімге тек диалог арқылы қол жеткізе алады деп ойлаймын. Бейбіт келісімнің болашағы бұлыңғыр дейтіндер баршылық. Бірақ үмітіміз үзілген емес.
Тамара Крикун, украиналық босқын:
- Күнде жаңалықтарды оқып, уайымдап отырамыз. Туған жеріңді тастап, өзге елге көшу біз сияқты егде жастағы адамдарға оңай емес.
Украинада қарулы қақтығыс басталғалы Еуропаға бас сауғалап қашқан украиналықтардың саны 6 миллион 350 мыңнан асты. Олардың ең көбі Германияда. Бұл мемлекетте босқын мәртебесін алғандар қарасы 1 млн 165 мың адамнан асады. Жаңа үкімет биыл да украиналық босқындарды қолдауды жалғастыратынын айтып отыр. Көмек әлеуметтік жәрдемақыдан бастап тұрғын үймен қамтамасыз ету, тілдік курстар ұйымдастыру, еңбек нарығына бейімдеу сияқты түрлі бағытты қамтиды.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач