Құрбан айт мейрамына орай Алматының жеті ауданында үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 орын жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Биыл қасиетті Құрбан айт мейрамы 6, 7 және 8 маусым күндері аталып өтеді.
Қаланың бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, 6 маусымда таңғы сағат 06:00-де қаланың 56 мешітінде Айт намазы оқылады. Намаздан кейін бірден құрбандық шалу рәсімі басталады.
"Құрбан айт –бұл жай ғана рәсім емес, бұл –жанашырлық пен сауапты іс. Бұл күндері мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бауырмал болып, ізгілікке ұмтылған дұрыс. Қаламыздағы тұрғындардың барлық игі ниеті мен амалын Алла қабыл етсін", — дейді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.
Ол жылдағыдай арнаулы орындарда мал сатылып, құрбандық шалынып, ет таратылатынын атап өтті. Барлық орын таза, шариғат нормаларына да сай келеді. Діни рәсімді мешіттің қызметкерлері бақылап отырады.
Сондай-ақ қаладағы 56 мешітте мұздатқыш қойылған, етті тоңазытатын көліктермен де қамтамасыз етілген. Қала тұрғындары шалған құрбандығын жақын маңдағы мешітке апарып, қайырымдылыққа арнаса да болады.
Қалалық Дін істері басқармасының бөлім басшысы Досхан Рахметілдаевтың айтуынша, барлық жерде құқық қорғау органдарының, санитарлық қызметтің және ветеринарлық бақылау инспекциясының мамандары кезекшілік атқарады. Олар мал сойған кезде санитарлық талаптың сақталуын қадағалайды.
Сонымен қатар qurban.muftyat.kz сайт арқылы қашықтан құрбан шалуға тапсырыс беріп, оны бақылауға болады. Ет алғысы келген мұқтаж жандар да осы сайт арқылы өтініш бере алады.
Алматы қаласында құрбан шалу рұқсат етілген орындардың тізімі:
Алатау ауданы бойынша:
1. "Мырзахмет" мешіті. Қарасу ш/а, Солтүстік айналма жолы көшесі, 15.
2. "Әскер ата" мешіті. Айгерім-1 ш/а, Бенберин көшесі, 18/4.
3. "Алғабас" мешіті. Алғабас ш/а, Сайгүбе көшесі, 6.
Бостандық ауданы бойынша:
1. "Бақыткелді" мешіті. Хан-Тәңірі ш/а, Дулати көшесі, 27/11.
Медеу ауданы бойынша:
1. "Омар ибн әл-Хаттаб" мешіті. Жуков көшесі, 136 А.
2. "Аманқұл ата" мешіті. Т. Бигелдинов көшесі, 5.
3. "Фатима" мешіті. Ш. Жәнібек көшесі, 148.
4. "Райымбек батыр" мешіті. Думан-1 ш/а, Хан Тәңірі көшесі, 15.
5. "Арафат" мешіті. Ибрагимов көшесі, 5 А.
Наурызбай ауданы бойынша:
1. "Қалқаман-2" мешіті. Қалқаман-2 ш/а, Аспандияров көшесі, 84.
Түрксіб ауданы бойынша:
1. "Қайрат" мешіті. Қайрат ш/а, Сарымолдаев көшесі, 22.
Жетісу ауданы бойынша:
1. "Әл-Мәдина" мешіті. Федоров көшесі, 12.
"Қала тұрғындары мен қонақтарынан жоғарыда аталған мекенжайда ғана малды сатып алу және сою қажеттігін ескертеміз", — деп атап өтті спикерлер.