Отпан тауда «Түркі әлемінің тотемі» атты халықаралық ғылыми жиын өтті

Қосшы

Маңғыстаудағы Отпан тау тарихи-мәдени кешенінде халықаралық шара өтті, деп хабарлайды 24kz.

«Түркі әлемінің тотемі» тақырыбындағы алқалы жиынға 6 мемлекеттен делегация келді. Зерттеушілер өңірдің киелі орындарымен танысып, көңілге түйген ойын әлемге дәріптемек. Көпке мәлім, биыл Ақтау күллі түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Соған орай жыл соңына дейін 30-дан астам мәдени шара өткізу жоспарланған.

Жыл сайын Отпан тауда «Бірлік» оты тұтанып, Амал мейрамы тойланады. Алыс-жақын шетелден қонақ келіп, маңғыстаулықтар көрісу күнін атап өтеді. Қазақтың салт-дәстүрі көрсетіліп, көпшілік ұлттық спорт ойындарда бақ сынайды. Бұл жолы ғалымдар мен өлкетанушылар «Қарашаңырақ» ғимаратына жиналды. Кездесуде түркі халықтарының терең тарихын, тілі мен әдебиетін, бай мәдениетін әлемге дәріптеу жолдары талқыланды.

Тимур Дәулетов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілі:

- «Адай ата» кесенесінің алдында қасқырдың мүсіні бекерден қойылған жоқ. Көкбөрі түркілердің арғы тегі, қорғаушысы әрі жол көрсетушісі ретінде тарихта жазылған. Көкжалды түркі әлеміне ортақ қайсарлықтың, тектіліктің символ деуғе де болады. Осы жерде тұрған «Ана келбеті» ескерткіші, «Бірлік» оты жағылатын орын, Отпан таудың етегіндегі қазақтың үш биінің алып мүсіні түркі әлемі үшін құнды жәдігерлер.

«Түркі әлемінің тотемі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар халқымыздың бай дәстүрін, саятшылық өнерін тамашалады. Ісмерлер киіз басу, қазақы үлгіде киім тігу әдістерін көрсетті. Жалпы биыл өңірде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Мәдениет министрлігі және аймақ әкімдігінің ұйымдастыруымен ауқымды шаралар өтеді деп жоспарланған.

Нұртас Сали, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы:

- Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы аясында жоспар жасақталды. 30-дан астам шара енгізілді. Қазір өтіп жатқаны осы жоспардың ішіндегі бесінші шара. Шетелден келген қонақтарымызға қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін барынша көрсеткіміз келеді. Жыршылар фестивалі, кешегі өткен ғылыми конференцияны да қатар ұйымдастырып жатқанымыз да сол себептен.

Қазақстандық және түркі тілдес елдердің ғалымдары бұған дейін Ақтауда бас қосқан. Өлке меймандары Бекет ат жерасты мешіті, Шақпақ ата қорымы секілді киелі жерлермен танысып, жиған мәліметін ғылыми жоба ретінде жазуға ниетті. Алқалы жиында Маңғыстаудағы киелі орындардың күтіміне жауапты мекеме құру туралы бастама көтерілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев