Брюссельде өткен шұғыл саммитте Еуроодақ елдерінің басшылары қайта қарулану туралы жоспарды мақұлдады.
Ол Кәрі құрлықтың қорғанысын нығайтып, Украинаға көмекті арттыруға бағытталған.
Жоба бюджеті 800 миллиард еуро. Соның 150 миллиардына қор құрылады. Бұл ақшаны одаққа мүше елдер несие ретінде қару-жарақ сатып алу үшін жұмсай алады. Басқосуда Украина бойынша декларация да талқыланды. Онда тараптар елге қаржылай және әскери көмек көрсетуін жалғастыруға келіскен. Құжатқа 27 мемлекеттің ішінен Венгриядан басқасының бәрі қол қойды. Саммитке Владимир Зеленский де қатысқан. Ол Еуроодақ елдеріне қолдауы үшін алғыс айтып, келесі аптада Украина мен АҚШ делегацияларының келіссөз жүргізуі жоспарланғанын жария етті. Басқосу Сауд Арабиясында өтеді.