Рухты оятқан тұлға

Қосшы

Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты көрме мен дөңгелек үстел өтті.

Алқалы жиынға белгілі ғалымдар, мемле­кет және қоғам қайрат­керлері, ақынның туыстары, Қостанай облысының делегациясы мен Астана қаласындағы М.Дулатұлы атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Іс-шара тізгінін ұстаған Ұлт­тық музей директоры Берік Әбді­ғалиұлы Алаш арысының ұлт­қа сіңірген еңбегі туралы айта келе, 140 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өтудің маңызына тоқталды.

Сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов мерейлі датаның аясында Тобыл – Торғай өңірінде Алаш арысының елге сіңірген еңбегін атап өтіп, мұрасын халық арасында насихаттауға бағытталған 140 іс-шара ұйымдастырылатынын жеткізді.

Жиын барысында сөз ал­ған әдебиетші, тарихшы ғалым­дар М.Дулатұлының қазақ тари­хын­дағы рөлін, оның Алаш қоз­ғалысына белсенді қаты­суын,­ ұлт тәуелсіздігі мен ұлттық са­на-сезімін дамытудағы еңбегін ке­ңінен талдады. Сондай-ақ оның тарихи көзқарастары мен сая­си күрестерінің қазақ халқы­ның болашақ тарихы үшін үлкен маңызға ие екенін айтты. «Ұлы дала өркениеті күйреп жатқан кезде ақын-жыршылар мемлекеттілігімізден айырылып, бодан болдық деп жүргенде, ұл­тымыздың рухани жаңғыруын жа­саған осы Алаш зиялылары еді. Міржақып сынды қайрат­кер­лер – қазақты сапалы ұлтқа айнал­дыр­ған тұлғалар. «Қазақ рухын оят­қан тұлға» дегеніміз – көр­кем сөз емес, бұл нақты факт», деді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.

Аталған іс-шара «Торғай Жан­гелдин музейлер кешені» КММ-­мен бірлесіп ұйымдастырылып ­отыр. Экспозицияда М.Дулатұлы­­ның отбасына байланысты жәдігер­лер жұртшылық назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Фото және ­ар­хив құжаттарымен қатар М.Дулат­ұлы мен әйелі Ғайнижамал­дың, балалары Әлібек пен Гүлнәр­дің жеке заттары, сондай-ақ отба­сында қолданған тұрмыстық зат­тар

бар.

Көрме Ұлттық музейдің 6-қа­батындағы көрме залында 27 сә­уірге дейін жалғасады.