Осыдан екі-үш жыл бұрын облыс орталығындағы жаңа мектептердің біріне барғанбыз. Дәліздегі адам нөпірінен әзер жылжып отырып, басшысының кабинетін таптық. Директордың айтуынша, сол жылы мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалардан 17 бірінші сынып құралыпты. Басында бұл жаңалыққа қуанғанбыз, кейіннен оның көбі ауылдан қалаға көшкендердің балалары екені еске түскенде, көңіл құлазып сала берді. Есесіне ауыл мектебінде оқитындар қатары жыл санап азайып келеді.
Мұғалімнің жаманы жоқ
Әрине, ауылдан қалаға көшкен елге тосқауыл қоя алмаймыз. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» дегендей сонау шалғай ауылда тұратындар тым болмаса аудан орталығына қоныс аударуды ойлайды. Ал аудандағылардың көксегені – облыс орталығының тұрғыны атану. Болмағанда ірі қалалардың маңайынан орын тебу. Сондағы басты себеп – баласын дұрыс мектепте оқыту. Осыған байланысты алғашқы пікірді көп жыл білім саласында еңбек етіп, мектеп, аудандық білім бөлімін басқарған Шарафадин Алтынбаевтан сұрадық. Қазір Астана қаласында тұратын ардагер ауылдан қалаға тартылған көштің көп себебі бар екендігін айтады. Оның біріншісі – қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық.
«Жалпы, жаман мектеп немесе нашар мұғалім деген болмайды. Қазір интернеттен бәрін көріп-біліп отырған оқушы сұрағына дайын болу үшін кез келген мұғалім ізденеді. Басты мәселе – соңғы кездері ғана айтыла бастаған білім сапасындағы айырмашылықта жатыр. Шалғай мекендегі мектепте оқитын оқушы жан-жақты дамуы үшін білім сапасын қаламен теңестіру керек. Қазір осы мақсатта қолға алынған «Жайлы мектеп» бастамасы бұл олқылықты толтырады деген үміт бар», дейді ардагер.
Мысалы, бұрынғы 6-сынып бағдарламасында 14 лабораториялық жұмыс болды. Ауылдағы балалар осының үш-төртеуінен әрі аспайтын. Өйткені материалдық база кемшін. Шарафадин Алтынбаев осыдан 30 жыл бұрын аудандық оқу бөлімінің басшысы кезінде Қазалыдағы №234 Жабаев мектебінде әдістемелік тәжірибелерді жинақтайтын кабинеттер ашқан кезін еске алды. Мектеп мұғалімдері каникул кездерінде осы орталыққа жиналып, өздерінің тәжірибесін толықтыратын. Бірден тиімділік танытқан бастама бұл кісі қызмет ауыстырғаннан кейін жалғаспай қалған.
Ескі мектептен де мықтылар шыққан
Ардагер мектептің жаңа немесе ескілігі білім сапасының көрсеткіші бола алмайтындығын айтып отыр. Ұлттың бетке ұстар азаматтарының дені ауылдағы аядай мектептен білім алған ғой. Біздің кемшілік мектеп мұғалімін түрлі ереже, нұсқаулықпен байлап-матап тастайтынымызда.
«Қазалыдағы №226 мектепті басқарған кезімде пән мұғалімдеріне еркіндік бердік. Сол мектептен талай мықты мұғалімдер шықты. Білім ошағындағы балалар шахматтан республикалық деңгейдегі ойындарға қатысып жүр. Көп нәрсе өзімізге байланысты. Қазір балалар 1-сыныптан еңбекке баулу сабағын оқиды. Бірақ мектепті бітіргенде қолында сонысын айғақтайтын жарты парақ қағазы болмайды. Мысалы, мектепке кірпіш, құм түсіріп балаларды тас қалаушы мамандығына баулуға әбден болады. Осындай әдіспен сылақшы дайындасақ та қолымыздан ешкім қақпас еді. Қырымбек Көшербаев Білім министрі болған тұста қабылдауына жазылып, әңгіме барысында осындай ұсыныс айтып едім. Ол кісі Батыс Қазақстан облысын басқарған тұста осы тәжірибені енгізіпті. Әдістемені жетілдіріп, базаны нығайтсақ, мектептен баласын алып кететіндер азаяр еді», дейді ақсақал.
«Тірек мектептер» ауылға сүйеу бола ма?
Мәселеге орай облыстық білім басқармасына хат жолдадық. Олардың жауабында аймақтағы 299 мемлекеттік мектептің 231-і ауылдық елді мекендерде орналасқаны айтылыпты. Оларда облыс бойынша мектепте білім алып жатқан оқушылардың 55,1 пайызы оқып жатыр. Бірақ бұл есепте аудан орталығындағы мектептер оқушылары бар екенін ұмытпайық. Оларды алып тастасақ шалғай елді мекен шәкірттері қатары азая түспек.
Басқармадағылар қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды да қамтып өтіпті. Облыстағы 12 шағын жинақты мектепті «Тірек мектептер» жобасына енгізуге арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, олардың арасынан 3 білім ошағы бекітілген. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесе отырып, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыра бастағанын айтуымыз керек. Жоба білім беру сапасын арттырып, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Бұдан бөлек, Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» бағытындағы бастамасын айтуға болады. Ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадасына 2023–2024 оқу жылында қатысқан 51 оқушының 26-сы, биыл 70 шәкірттің 39-ы жүлдегер атанған. «Ең үздік ауыл мектебі-2024», «Үздік ауыл мектебінің оқушысы-2024» аталымын иеленгендер де бар.
Осыдан біраз жыл бұрын облыста 3 мектепке «Ауыл мектебі» жаңа білім беру жобасы енгізілген болатын. Қазір осы бастама аясында педагогикалық практиканы жетілдіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту және цифрлық ресурстардың қолжетімділігін арттыру арқылы білім сапасын көтеру бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асты.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, ауылдық мектептердегі 13 984 педагогтің 2 728-і педагог-зерттеуші, ал 5019-ы сарапшы-педагог санатын жалпы, облыстағы педагог-шеберлердің 40 пайызы ауыл мектептері мұғалімдерінің үлесінде болып отыр. Сонымен қатар елді мекендердегі барлық білім ұясы толық интернет желісімен қамтылған.
Басқарма мәліметі осылай дейді. Дегенмен ауыл мектебінде оқитындар қатары азайып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Жақын елді мекендерден мыңдаған бала облыс орталығындағы мектептерге қатынап жүр. Осыған қарағанда бұрынғы «Ең жақсы мектеп – үйіңе жақын мектеп» деген ұстаным күшін жойған сияқты.
Ауылдағылар еңсе тіктесін десек...
Өңірде ауыл тақырыбын үнемі көтеріп жүрген қайраткер Қалқазбек Әжібековтің де бұл тарапта айтар пікірі бар. Қаржы саласының ардагері осыдан біраз бұрын өңірде 2020 жылдың басындағы есеп бойынша облыс халқының 44,6% қала, ал ауыл-село тұрғындары 55,4% болып отырғанын айтып еді. Осы санаттан кенттегілерді алып тастасақ, таза ауылдықтар үлесі 27,2% болып шығады. Бұл 1999 жылғы санақтағыдан 12,3% төмен, 30 жыл ішінде 24 ауыл жабылып қалған.
Ардагер пікірінше, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңда жергілікті мәслихаттар шешімдерімен ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, орман шаруашылығы, ветеринария және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салалары мамандарына қарастырылған қолдаулар толық жүзеге аспай отыр. Елге барған мамандардың қызмет атқаруын ынталандырып, ауылда кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
«Мысалы, қолданыстағы заң аясында елді мекендердің алшақтығына, инфрақұрылымдарының даму деңгейіне қарап, дифференциалды түрде үстеме мөлшерін бекітуге болады. Жағдайы бар ауылдан маман кетпейді. Осы арқылы ауылдағы біраз саланың көші түзеліп, орталықтан жайлы мекен іздегендердің қатары азаяр еді», дейді қайраткер.
Жергілікті қоғам белсендісі Мұрат Балабай әлеуметтік желіде «Ауылдық аймақтарға қатысты мемлекеттік саясат прагматизм мен нарықтық экономикаға негізделу керек» деген пікір қалдырыпты. Өзімен хабарласып, ойын білгенімізде тақырыпқа қатысты біраз мәселені тарата айтты.
Оның пікірінше алда ауылда тұратын халық саны сирей береді. Оны тоқтата алмаймыз. Бұл урбанизацияның жемісі. Жер көлемі біздікіндей үлкен Америкада, Аустралияда, Канадада, Жаңа Зеландияда ауыл тұрғындары ірі шаруа қожалықтары болып өмір сүреді.
«Ішкі жалпы өнімдегі агроөнеркәсіп кешенінің үлесі небәрі 4-5 пайыз айналасында. Мұндай көрсеткішпен ауылдық жерде халыққа жақсы өмір жасау, оларға тәуір айлық беру мүмкін еместігі белгілі. Ал ауылдағы жастар жағы шаһар тіршілігін, әлеуметтік желідегі жақсы өмірді қалайды. Бұдан бөлек, қалада баланы оқытуға, дамытуға мүмкіндік көп. Сонымен қатар медицинасы дамыған, жедел жәрдем қызметі жолға қойылған қала егде жастағыларға да қолайлы. Осы күні байқасаңыз, елдегі көп адам зейнетке шығып, орталыққа көшуді қамдастырып отырады. Ал жоғары мінберлерден «ауыл жойылып барады» деп ұрандататындардың дені ұл-қыздарын ауылға тұрғызбайтыны анық.
Біздің климаттық жағдайымызға сәйкес егіншілік – маусымдық кәсіп. Менің ойымша, сол үшін ғана ауылда тұрудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығын вахталық әдіске көшіруге болады, түбі соған келеді. Барлық дамыған елдер осыны бастан кешті. Біз соған уақтылы икемделуіміз керек. Халықтың ауылдан қалаға көшуі жоспарлы болуға тиіс. Стратегиялық құжаттарда ауылда қанша адам тұруы керекті нақтылануы қажет», дейді ол.
Қоғам белсендісінің ойынша ауыл тұрғындарының әлеуетін толық пайдаланып, жұмсалған қаражатты босқа рәсуа етпеудің бірден-бір жолы осы.
«Ауылда оқушы неге азайды?» деген сауалдың соңы осындай үлкен мәселеге әкеліп соғып отыр. Елден орталыққа бет түзеген көш жалғаса берсе, алда бұл сұрақ талай мәрте қайталанары анық.
Қызылорда