Бангкок пен Мьянманың 6 аймағында 7,7 балдық жойқын зілзаладан кейін төтенше жағдай жарияланды. Бангкокта 3 адам қайтыс болған, тағы 90 тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Зілзала ошағы болған Мьянмада ғибадатхана мен көпір қирап, 20 адам ажал құшты. Жараланғандар саны 300-ден асады.
Мьянмадағы зілзала ошағы елдегі екінші ірі Мандалай қаласынан небәрі 17 шақырым жерде болды. Бұл шаһарда 2 миллион халық тұрады. Қаланың символы саналатын, XIX ғасырда салынған ежелгі храм жартылай қирады. Жүздеген үй жермен жексен болды деген ақпарат бар. Сондай-ақ ұзындығы 1 шақырымнан асатын көпір күйреді. Ол Мандалай және Сагайн қалаларын қосатын.
Мьянмадаға зізала ошағынан 1400 шақырымдағы Бангкокта дүмпулерден салынып жатқан зәулім үй құлады.
Қирандылар астында жұмысшылар қалған. Іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Кейбір көпқабатты кешендердің төбесіндегі бассейндерден су жерге төгілген. Елдегі барлық әуежайдағы жұмыс тоқтатылды. Сондай-ақ зардап шеккен аймақтарға «Қызыл Крест» ұйымының өкілдері жіберілді. Премьер-министр Пхэтхонгтхан Чиннават табиғи апат орнына барған.
Сириния Накаута, жергілікті тұрғын:
- Бөлмемде ұйықтап жатқам. Төсегім тербеліп, оянып кетіп, жан-жағыма қарасам, бөлмедегі бүкіл заттар шайқалып тұр. Балаларымды алып, үстелдің астына жасырындық. Жер сілкінісі тоқтаған жоқ. Қайта күшейе түскендей болды. Сосын балаларымды алып дереу сыртқа шықтым. Үрейден әлі ес жия алмай тұрмын.
Билік тағы жер сілкінуі мүмкін деп ескерткен. Жерасты дүмпулері Бангладеш, Үндістан, Қытай және Лаоста да сезілді.
Авторы: Ернат Рахметолла