Үкіметтік жұмыс тобы жағдайды сараптап, бағалау және шара қолдану үшін Жамбыл облысына жіберілді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысындағы жер сілкінісіне байланысты жергілікті атқарушы органдарға жағдайды талдау, жедел шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы жіберілді.
Жұмыс тобы құрамында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ филиалының басшылығы, Үкімет аппаратының өкілдері бар.
"Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік нысандардағы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынастары мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырды", — деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 28 наурызда түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.
Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны 5 балл болды. Бұл Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.
Астана уақытымен сағат 15:56-да тағы бір жер сілкінісі болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз