0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Ал Жетісу облысында тағы бір есепші ала дорба толған ақшамен ұсталды. Бұл жолы Сарқан аудандық білім бөлімінің бас есепшісі 1,6 млрд теңге қаржы жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Мұнан бөлек тағы екі бухгалтер, Қазпошта бөлімінің учаске басшысы, бөбекжай бақшасының меңгерушісі мен ішкі мемлекеттік аудит басқармасының бөлім басшысы сотталды. Есепшілер мен Қазпошта өкілі білім бөлімі қызметкерлерінің шоттарына белгіленген жалақыдан артық сома аудару арқылы 1,6 млрд теңге бюджет қаржысын қолды қылғаны үшін кінәлі деп танылды. Осы қылмысты тергеу барысында пара беруге оқталу және біреудің мүлкін иемдену деректері бойынша да бірқатар азамат айыппұл арқалап, қамауға алынды.
Нұрсұлтан Орынбасаров, Жетісу облыстық сотының ресми өкілі:
Талдықорған қалалық сотында 6 адамға қатысты алаяқтық жасау, адамдар тобында пара беруге әрекет жасау, аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін ұрлау және өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жымқыруға жәрдемдесу фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот үкімімен екі сотталушыға пара мөлшерінің 20 және 25 еселенген сомасы көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. 4 сотталушы 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылды.
Қуаныш Қанатұлы