Мемлекет басшысы Арменияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Қосшы

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел президенттерінің былтыр Қазақстан мен Арменияға жасаған сапарлары өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті.

– Сіздің Астанаға алғашқы ресми сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды. Біздің армян халқы мен Сіздің мемлекетке деген құрметіміз бөлек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын жеткізді. Президенттің пікірінше, бұл айтулы оқиға Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім орнатуға негіз қалап, аймақтың Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

Өз кезегінде Арменияның Сыртқы істер министрі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Біз Сіздің екі ел арасындағы ықпалдастыққа қатысты ұстанымыңызды қолдаймыз, – деді Арарат Мирзоян.

Ол Армения мен Қазақстанның Сыртқы істер министрліктері және басқа да ведомстволары Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылды. Қазақстан Президенті отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.