ТЖМ-ның әуе паркі алғаш рет жаңа ұшақпен толықты

Қосшы

Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе паркі алғаш рет жаңа ұшақпен толықты.

Чехияда жасалған Л-410 әуе көлігі құтқарушылар мен ауыр жүкті тасымалдауға және зардап шеккендерді эвакуациялауға қабілетті. Одан бөлек ұшақтың көмегімен 6 мың 500 шақырым қашықтыққа дейін ұшып, 19 жолаушы мен салмағы 1800 келі болатын жүкті еркін алып жүруге болады. Оны пайдалануға бермес бұрын қазақстандық ұшқыштар Прагада арнайы авиациялық даярлықтан өтіп, техникалық білімдерін жетілдірді. Ведомство өкілдері жаздың соңына дейін елге тағы 3 ұшақ әкелінетінін хабарлады.

Шыңғыс Арынов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бұл ұшақ құтқару операцияларына өте керек. Былтырғы су тасқыны кезінде өзімізде тікұшақ бар, бірақ ұшақтың болмауынан бізге үлкен қажеттілік, қиындықтар тудырды. Нәтижесінде өзіміздің республикалық құтқарушыларымызды жан-жақты тасымалдауға мүмкіндік болған жоқ. Енді Қазақстанның қай жеріне керек болса сол жаққа жеткізуге мүмкіндік бар.

Әбдулахит Хамитов, ұшқыш:

- 2024 жылы Чехияда 2 айдай оқу-жаттығудан өттік. Сонда ұшып, теория, тренажерлық практика, ұшу практикасынан өттік. Характеристикасына тоқталатын болсақ, бұл ұшақ өткен үлгілерге қарағанда ұшып қону арақашықтығы қысқартылған.