Қалдықтарды басқару тұжырымдамасы 1 қыркүйекке дейін әзірленеді

Қосшы

Қалдықтар өңдейтін кәсіпорындарды қолдау шаралары қарастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін қалдықтарды басқару процестерін орталықтандыруға, барлық мүдделі тараптарды тартуға, циклдік экономика моделін құруға бағытталған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарды қолдау мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеу тапсырылды. Бұл көмір химиясы, құрылыс материалдарын жасау, жерде сирек кездесетін металдарды алу салаларында жаңа өндірістер құруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Экология, Энергетика министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, екі апта мерзімде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалар тізбесін анықтауы қажет. Әлеуетті инвесторлар тарту үшін сәуір айында аукцион ұйымдастыруы керек.