0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Наурызнаманың соңғы күні — тазару күнінде еліміздің барлық аймағында тазалық акциялары өтті. Бұл шараға әсіресе жастар белсене қатысты. Мәселен, шымкенттіктер ағаш отырғызса, Ақтөбе, Орал және Қарағанды жастары жүздеген тонна қоқыс шығарды.
Ақтөбеде өткен тазалық акциясына «Жасыл ел» жасағының өкілдері мен студенттер қатысты. Олар «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы мен орталық саябақты тазартып шықты. Бұл күні аудандардағы жастар да көшелерге, саябақтарға келіп, аумақты қоқыстан арылтуға өз үлестерін қосты.
Самғат Артығалин, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:
Наурыз айы қыстан көктемге еніп, тазару мен жаңаруды білдіреді. Бұл күн барша адамзатқа экологиялық мәдениетті, тазалық мәдениетін қалыптастыруды үндейді. Қаламыздың тазалығы біздің ортақ абырой-міндетіміз. Барлық тұрғындарды тазалыққа мән беруге шақырамын.
«Тазару» күніне орай Шымкент қаласындағы жаңадан бой көтеріп келе жатқан шағын ауданда 2 мың 600 түп шынар ағашы егілді. Акцияға жүздеген адам қатысты. Жас өскіндер қазірдің өзінде жергілікті тұқымбақта өсіріле бастады. Шымкенттік табиғат жанашырлары игі бастаманы Жамбыл облысы жұртшылығы жалғастырсын деген ниетпен челлендж жолдады.
Жарылқасын Мәшбек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Біздің Шым қаламызда жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында өзімізге көршілес Жамбыл облысы, соның ішінде Тараз қаласына халыққа пайдасын тигізетін, экологияға пайдасы бар, қалаға көрік беретін ағаштарды егу жұмыстарын жалғастырса деп сәлемімізді жолдаймыз.
Орал қаласындағы ауқымды тазалық іс-шарасына 5 мыңнан астам тұрғын қатысты. Атап айтқанда, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен бизнес екілдері, жастар белсенділік танытты. Олар саябақтар мен көшелерді, арықтар мен тұрғын үй аулаларын күл-қоқыстан арылтты. Акция аясында қаладан 300 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сабыржан Ілияс, студент:
Университет белсенділері болып, «Тазару» акциясы бойынша аптаның демалыс күніне қарамай, қаламыздың тазалығына үлесімізді қосу үшін арнайы келдік. Әркім өз қаласын сүйіп, өз қаласын таза ұстауы керек деп ойлаймын. Таза қалада, таза ауада жүрген де адамның өзіне пайдалы.
Қарғанды қаласында экологиялық акция бір емес бірнеше жерде өтті. Әрбір мекеме өз аумақтарын қоқыстан тазартты. Тазару күніне белсене қатысқан Мәдениет саласының өкілдері мен Мұражай қызметкерлері бұл бастаманы үрдіске айналдырмақ.
Жақсыбек Кемал