Наурыз көженің мәні неде?

Қосшы

Біздің ел Ұлыстың ұлы күнін мол дастарқанмен қарсы алғанды жөн көреді. Әсіресе Наурыз көженің аста-төк болғаны жақсы. Жыл басы Наурыздың басты тағамы қалай дайындалады? Оның тарихи мәні қандай?

Наурыз десе, Наурыз көжені аңсай кететініміз бар. Бекер емес екен. Ол бабалардан қалған берекелі ас, ұлыстың дәмі. Ғалым Айнұр Әбдірасылқызы да жыл басын қарсы алуға ерекше асығады. Міне, қыстан қалған сүр етін асып, әбден бапталған көжесін дайындап жатыр.

Айнұр Әбдірасылқызы, ғалым:

- Наурыз көжені әр жерде әртүрлі жасайды. Бірақ оның айнымайтын қоспасы қыстан қалған сүр ет, сүр қазы сияқты нәрселердің барлығын асып, майлы сорпа жасайды бірінші. Оны мен ыдысқа құйып әкеп отырмын. Одан кейін біздің халықтың ең жақсы көретін тағамдары 7 түрлі тағамдары қосылады. Қазақта ең құрметтейтіндерінің бірі – бидай. Мұны бір күн бұқтырып қойып, ұзақ уақыт қайнатып әзірлейді. Әрине, бұған үстіне біршама су қосылады. Сонымен өзіміз жайқсы көретін наурыз көжеге айналып шыға келеді.

Осындай көженің 40 литрін әзірлеп, үй ішіне, одан кейін мектептерге таратады екен. Мақсаты – жас ұрпаққа бабадан қалған киелі астың қадірін түсіндіріп, тарихын айту. Наурыз көже – берекеміздің белгісі. Мұны қазыналы қарттар да растайды.

Гаухар Әбілбасова, БҚО тұрғыны:

- Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні келетін қадірлі ас. Сондықтан жылда қамданамыз. Құрамында 7 түрлі тағам болады. Өйткені 7 саны – қазақта киелі сан. Дақылдардан күріш, жүгері арпа, бидай, тары, бұршақ қосылады. Дәнді тамырдан өсіп-өнгені сияқты болашақта ұрпақтарымыз да осы дәндердей көбейсін деген мағынада. Сосын айран, сүт сүзбе қосылады. Ағымыз көп болсын. Сүттей ұйып отырайық дейді.

Наурыз – жаңару, жаңғырудың нышаны. Мұны көне түркі жұртшылығы жақсы сезінген. Тасқа қашап айшықтап кеткен деседі.

Айнұр Әбдірасылқызы, ғалым:

- Біздің көне түркілерде, қазақтың да петроглифтеріне қарасақ, соларда көбіне көп наурыздың бейнесі шығып келе жатқан күннің бейнесі секілді көрінеді. Екі жағынан өгіздің мүйізі көрінеді. Өгіз мүйізімен күнді көтеріп тұрған сияқты көрінеді. Бұл да астрономиялық тұрғыдан. Ол кезеңде наурызға ұласар шақта, ақпан айының қамал наурызға ұласатын шағында Үркер жұлдызы төменнен көрінеді. Кешкі күн батар шақта екі жұлдызы күннің екі шетіне шығып тұрғандай болады.

Бағзыда 22 наурыз таңын қарсы алу рәсімі болған екен. Күн қалай шықса, алдағы күн райы да солай құбылады-мыс. Күлімдеген күн – мамыражай жаздың белгісі, қоңырқай тартып тұрса, жауынды жазды күту керек, шақырайып тұрса, қуаңшылық болуы мүмкін. Қалай дегенмен де жаңа күннен күтеріміз көп.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мадияр Қындыбаев