Қостанайлық Владимир Токарев ағаш өңдеу өнерін шебер меңгерген, деп хабарлайды 24kz.
Ермаков ауылының тұрғыны кез-келген кесек ағаштан ерекше сәнді әрі қолайлы кәдесый мен тұрмыстық бұйымдар жасайды. Оның зайыбы да қолөнерден құралақан емес.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Владимир Токаревтің үйінің бір бөлмесі шеберхана. Әр бұрышында үйілген ағаш қалдықтары. Иір-шиыр, қисық, бұтақ, тамырлар. Шебердің епті қолдары осының бәрін кәдеге жаратады. Ең бастысы – ағаштың сыртқы пішіні қиялына қозғау салса болғаны.
Владимир Токарев, ағаш шебері:
- Қараңыздаршы, қандай әдемі ағаш. Бұл қайыңның томпақ біткен бұлтығы. Мұны өңдесе, түрлі түске құбылады. Әсем бұйым жасауға болады. Ал мынау ағаштың пішіні тіптен ерекше. Табиғи жаратылысының өзі қонөнер туындысына сұранып тұрғандай.
Шара, ожау, саптыаяқ, тостаған, кәдесыйлар. Осының бәрі керексіз кесінділерден жасалды десе сене қою қиын-ау. Шебердің қолынан шыққан тамаша туындыларға шетелдіктер де таң-тамаша болыпты.
Сәуле Сағарова, Тәгіл ауылының тұрғыны:
- Алыстан келіп, Италиядан келіп, осында қонаққа кісілер, соларда өте таңқалып жатыр, қандай керемет нәрселер осында, мына кісі жасайды деп. Бұл кісі көбіне сыйлық қылып береді өзінің туысқандарына, ауылдастарына. Тапсырыс болған кезде де істеп береді көп нәрселерді.
Владимирдің зайыбы Олияның да қолының ісмерлігі бар. Тоқыманың түр-түрін тоқиды, бұйымдарды безендіреді, кейбіреуін өзі де жасайды.
Олия Токарева, зайыбы:
- Көктемнің Наурыз айы маған қатты ұнайды. Табиғат жаңғырып, жаңаратын бұл кезең адамға шабыт береді-ау деймін. Қолым қалт етсе болды, сурет салуға отырамын. Шәй қайнап, ет піскенге дейінгі аралықты да пайдалануға тырысам.
Отанасы Олия – татар ұлтының өкілі. Наурыз мерекесімен құттықтау тілегін ана тілінде жеткізді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг