Павлодарда «TAKORP» атты қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар анықталып, олардың заңсыз әрекеттері әшкереленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, алаяқтар 2024 жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында өз схемасын іске асырып, азаматтарды АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасына инвестиция салуға шақырған.
Күдіктілер азаматтарды электронды крипто биржа «ОКХ» арқылы криптовалюта сатып алуға көндірген. Негізгі шарттарының бірі – кемінде 5 жаңа салымшыны тарту болған. Қатысушылар 30-дан 500 АҚШ долларына дейін қаржы құйып, өз салымдарына 2 мың АҚШ долларына дейін бонус алады деп сенген.
Алайда, бұл қаржы пирамидасының жалған жүйе екені анықталған. Жұртшылықтан жиналған қаржы ұйымдастырушылардың жеке мақсаттарына жұмсалған.
«Алаяқтар жиналған ақшаны жылжымайтын мүлік пен банктік депозиттерге аударып Павлодардан 10 млн теңгеге пәтер сатып алған. 8 млн теңгеге 4 депозит ашқан.Қазіргі таңда сот санкциясымен күдіктілердің жылжымайтын мүлігіне және банк есепшоттарындағы қаражатына тыйым салынды», делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың әрекеті әшкереленіп, оларға қатысты «үй қамақ» және «елден кетпеу туралы қолхат» түрінде шектеу шаралары қабылданған. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.