Бейісбековтер отбасы елдегі ең танымал қолөнер шеберлерінің бірі.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен бұл отбасында сегіз адам шығармашылықпен айналысады. Олардың жетеуі Суретшілер одағының, ал бесеуі Қолөнершілер одағының мүшесі. Ата-баба дәстүрін заманауи технологиямен ұштастырып, өнерді дамытуға үлес қосып жүрген талантты шеберлер.
Наурыз қарсаңында Бейісбековтердің шеберханасында жұмыс қызу жүріп жатыр. Көктем мерекесіне орай қолөнершілер қазақтың киіз үйінің шағын нұсқасын көпшілік назарына ұсынбақ. Оның көлемі дәстүрлі киіз үйден екі есе кіші. Іші-сыртындағы бүкіл жабдықтар мен жиһаздарды өнерлі отбасы мүшелері өз қолдарымен жасайды.
Отағасы Болатбек Бейісбеков кескіндеме өнерімен көпке танылған суретші.
Болатбек Бейісбеков, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:
- Біздің оюларымыздың өзі мынау Наурыз дегеніміз де өсіп-өну ғой, жаңағы жерден шөп шыққаны, өсіп-өнуі, гүлдегені, сондай белгілермен беріледі. Бір қызығы, математикада квадраттың формуларын тауып, периметрлерді тауып, сондай формулалар көп қой, ал біздің қазақтың өнерінің формуласы табиғат екен. Бір зат жасап жатқан кезде табиғатқа қара, құстар аспанда, балық судың астында, өсімдіктер жерде.
Суретшінің жары Күләш он саусағынан өнер тамған шебер. Киіз басу, сырмақ тарту, кілем тоқу сияқты қазақ әйелдерінің ықылым заманнан келе жатқан қолөнерін толық меңгерген. Оның түбіттен жасаған бұйымдары жоғары сұранысқа ие. Ұлы Берік былғары шебері, ат әбзелдерін көркемдеп өңдеумен, былғары белбеулер жасаумен айналысады. Қыздары мен келіндері де өнерден құр алақан емес, әрқайсысы өз ісінің шебері.
Күләш Айдарбекова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:
- Ұл-қыздарымыз біздің ізімізді басып келе жатқанына өте қуаныштымыз, олар да біздің жасап жатқан тірлігімізге, оларда да біздің өмірге көзқарасымызды, соның бәрін көріп жатқан болар, біз оларға ешқандай айтпаймыз, мысалы,сен суретші бол, сен қолөнерші бол деп. Солар өздерімен өздері біздің жасап жатқанымызды қызығып кеп қарап, солар да әрі қарай алып кете береді өздерінің жақсы көрген мамандарын.
Бейісбековтер әулетінің қолөнерге деген құштарлығы бесінші ұрпаққа жалғасып келеді. Арғы аталары өңірге танымал шебер ұста болған. Одан тараған ұлы мен немересі өзге салада еңбек етсе де, ата кәсіптен қол үзбеген. Бүгінде бұл дәстүрді олардың ұрпақтары да лайықты жалғастырып келеді.
Шұғыла Бекарыс, студент:
- Менің ата-анам мені осы қазақ өнеріне, мысалы, киіз басу, кілем тоқу және де қазіргі заманауи технологияларға үйретеді. Мен қазақ өнерін осындай керемет отбасында кішкентай кезімнен көріп өсіп, және осыны үйрендім, маған өте қатты ұнайды және мен өте қуаныштымын.
Бүгінде бұл отбасы сүйікті ісін үлкен кәсіпке айналдырып, ұлттық өнерімізді әлемге танытып отыр. Бейісбековтер әулетінің қолынан шыққан туындылар түрлі елдерді аралап, ұлттық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосуда. Өнерге деген сүйіспеншілігімен ерекшеленетін бұл жанұя көпшілікке үлгі боларлықтай. Екі жыл бұрын олар еліміз бойынша өткен «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанып, қажырлы еңбектерінің жемісін көрді.
Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов