Ұлыстың Ұлы күні Жезқазғанның орталық көшесіне 20 киіз үй тігілді.
Дәл қазір Ұлытау төрінде ұлттық тағам дайындау мен асқа бата беруден сайыс өтіп жатыр. Әр үйде қазақ дастарханында ұмыт болып бара жатқан тағам түрлері әзірленді. Ұлыс оң болсын. Қала тұрғындары үшін тағы қандай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
Елдос Кәкенов, тілші:
- Жезқазғанда Ұлыстың ұлы күнінде бұлжымайтын дәстүр бар. Жыл сайын ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі сайыстар өтеді. Былтыр көне салт-дәстүр жаңғырған. Ал, биыл ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындау мен асқа бата қайырудан жарыс өтіп жатыр. Сайысқа қатысушыларға тағамды әзірлеумен қатар оның денсаулыққа пайдасы туралы да ақпар беру міндеттелген. Бұдан бөлек қазылар алқасы киіз үйлердің де арасынан ең үздігін таңдады. Ал Алаш алаңындағы сахнада ұлы дала төсіне жаңа күннің жеткенін сүйіншілеген театрландырылған қойылым жүріп жатыр. Менің жанымда ағалық ақылын қосып, осы іс-шаралардың басы-қасында жүрген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев тұр. Жылдан жылға жаңғырған Наурыз мейрамы биыл қалай өтіп жатыр?
Мұрат Қазамбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Елдос Кәкенов, тілші:
- Жезқазғанда кешеден бері күн райы құбылып тұр. Бірақ бұл мерекеге жиылған жұртқа кедергі емес. Тұрғындардың көңіл-күйі керемет. Арнайы алаңда атқа мініп, серуен құрып жүр. Киіз үйлерде көпшілікке мерекенің басты тағамы – Наурыз көже таратылуда. Қазір сәлден соң ұлттық ойындардан сайыстар басталады. Білекті де белді жігіттер қошқар көтеру, қол күресі, кір тасын көтеруден сынға түседі. Мерекелік шара сағат төртке дейін жалғасады. Орталық алаңда жергілікті өнерпаздармен қатар елге танымал әншілердің қатысуымен концерт болады.