Лондондағы Хитроу әуежайының жабылуы: Air Astana жолаушыларға үндеу жасады

Қосшы

Air Astana өкілдері Алматы-Лондон және Лондон-Алматы бағытында ұшатын жолаушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды әуекомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Air Astana әуекомпаниясы Алматы-Лондон және Лондон-Алматы бағыттарындағы KC663/664 рейстер 21 наурыздан 22 наурызға шегерілгенін хабарлайды.

Рейстің кешіктірілуіне электр подстанциясындағы өрт салдарынан Хитроу әуежайында электр құрылғыларының істен шығуы себеп болды", — делінген хабарламада.

Компания өкілдері рейс статусын әуекомпанияның сайтынан тексеріп отыру қажеттігін еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, түнде Лондонның оңтүстік-шығысындағы Хейз ауданында трансформатор өртеніп, салдарынан ірі өрт шығып, шамамен 16 мың адам жарықсыз қалған еді.

Хитроу әуежайының өкілдері жақын маңдағы шағын станциядағы өрттен әуежайдың басым бөлігінде электр қуаты сөніп қалғанын хабарлап, жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін әуежай бір күнге жабылатынын мәлім етті.