Сыр сандықты ашып қара...

Қосшы

Ұлытау облысы Мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасының қол­дауы­мен Ұлытау облысы­ның тарихи-археоло­гия­лық музейінің ұйым­дастыруымен «Сыр сақ­таушы сандық» ат­­ты этнографиялық көр­менің тұсауы кесілді .

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасының басшысы Мағ­жан Ерен­ғайып­­ұлы, «Қа­зақмыс» корпорациясы жа­­нын­­дағы Ардагерлер ке­ңе­­сінің және «Қазақтың Кет­­­бұқасы» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Төле­­ген Нұрмағамбетұлы, Ұлытау ауданының құр­­метті азаматы, Қазақстанның құрметті жур­на­­лисі Батырбек Ты­ныш­­тықбайұлы көр­ме­нің лентасын қиып, өз тілек­терін білдірді. «Ақ әже­лер» ансамблінің көркем­дік жетекшісі Шүкір Әбдіға­лиқызы ашылу салтанатына шашу шашты.

Ұлытау облысының тари­хи-археологиялық музейінің қорында сандықтың бірнеше түрі бар. Құнды дүниені жинау 1981 жылдан басталады. Кезінде Жезқазған облы­сының Ағадыр, Шет, Ақтоғай, Ұлытау, Жезді, Жаңаарқа аудандарына жасалған этно­г­рафиялық бағыттағы экспедиция нәтижесінде бірнеше құнды дүние табылған. Қазіргі таңда музейде 30 сандық бар.

Сандықтың түрлері жасалуына, көлеміне, тұрмыста пайдалану қажеттілігіне қа­рай жағы­лан, абажа, әбдіре, қолсандық, бөгіребас деген түрге бөлінеді екен. Кезін­де алтын қол­ды шеберлер сандықты зиянкес жәндіктер, кемір­гіштер кіре алмайтындай мықты етіп жасаған.

вп

Сандықтар көрмесімен экскурсия бөлімі­нің басшысы Эльвира Ғалымқызы таныстырды.

Музей қорындағы сан­дықтар әр ғасырдан сыр шер­­теді. Музейдегі құнды сан­­дықтың бірін Жаңа­арқа ауда­нының тұр­ғыны Раушан Төле­генова тапсырған екен. Көз­дің жауын ал­ған жиһаз қызыл ма­та­мен қапта­лып, мыс қаңыл­­тыр­мен көркем­дел­ген.

1981 жылы музей қызмет­керлері мұражай қорын то­лық­­тыру мақ­са­тын­да өңір­ге көп­­те­ген эт­но­­г­ра­фия­­лық экспедиция жасайды. Сол жылы Қарсақбай кен­­тіне жаса­ған эт­ногра­фия­лық экс­пе­диция­да Есмағамбет әулетінен ба­ғалы сан­дық табылып, музей қорына алынған. Бұл сан­дықты әу­леттің үлкені 1906 жылы Мек­кеден әкелген екен. Безен­дірілуінде де айыр­машылық бар. Ай және жұлдызбен өр­нектеліп, ислам дініне тән қолтаңба бедерленген.

Жеңіс ауылының тұрғыны, Матай бидің қызы Бөпе Матаева әкесінің тұрмысында қолданған, ХІХ ғасырдың аяғына жататын асадал сан­дығын музей қорына табыс­таған. Атауының өзі «ас адал» сөзінен шыққан. Азықты да сақтайтын, жиһазды да жи­найтын шкаф сияқты жа­салған.

Құнды жәдігердің бірі – 1918 жылғы кебеже. Музей қорына Шеңбер ауылының тұрғыны Айтжан Қойлыбаева өткізген. Осы аталған кебеже қыз жасауы­мен келген екен, қақпағы кезінде киізден қапталған.

Көрмеге сән беріп тұрған бағалы сандықтың тағы бірі қасбеті сүйектен жасалған, өрнектермен қапталған кебеже. Аталған кебежені музейге Қарсақбайдың тұрғыны Құлжан Тәжібаев өткізген. Бұл кебежені әкесі Тәжібай Атбасар жәрмеңкесінен 1913 жылы сатып алған екен. Тағы бір кебежені Қарқаралы тұрғыны Бикен Өтеева 1985 жылы музей қорына тапсырыпты.

Көрмеге Мәкен Төрегел­­дин атындағы Жез­ді кен­тіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қоры­нан алынған Данияр ұста­ның «жағылан» сандығы қойылған. Бұл – қыздың жасауына арналып жасалған сан­дықтың түрі. Көлемі кіші­рек болады, жұқа тақтай­ша­лар­дан жасалып, көбінесе бұзау терісі­мен қапталады. Ұлы­­таулық қолөнер шебері Кәрі­байұлы Данияр ұстаның тері сандығы әулетінде жүз жыл­дан аса уақыт сақталып келген.

Көрмедегі сандықтың асты­на қойылатын жүк аяқ ХІХ ғасырда жасалған. Жез­ді аумағында өмір сүрген Тасма­ғанбет ұстаның төл туындысы.

Өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарда жасалған сандықтар да орын алған.

Жақсы істі жасап жатқан адам­дардың жанына жалау болып келген Жезқазған қала­лық мәслихатының төр­ағасы Раушан Қапарова, Республика партиясы Ұлы­тау облысы филиалының төрағасы Светлана Оңғар­баева ата-бабадан қалған мұ­ра­ны дәріптеген музей қыз­мет­­керлерінің жұмысына алғыс айтты.

Қазіргі таңда лазерлік құрылғымен заманауи түрде ұлттық құндылықтарды жа­сап, насихаттап жүрген 11-сынып оқушысы, Сәтбаев қаласы әкімі грантының ие­гері Ескендір Ардақ­ұлы өзі жасаған сандығын Ұлы­тау облы­сының тарихи-архе­о­логиялық музейі көрме залы­ның басшысы Зағира Шора­қызына табыстады.

Облыстық, қалалық бай­қаулардың жеңім­­пазы «Ақ әжелер» ансамблінің орын­дауын­дағы халық әні «Беу, айдай», Т.Қалма­ғамбетов атындағы Жезқазған филар­мониясының әншісі, Әміре Қашаубаев атындағы рес­публикалық әншілер бай­қауының лауреаты Ардақ Мұқышевтің орындауында­ғы Т.Рахимовтың «Қазағым-ай» әні, «Шалқыма» өнер академиясының вокалдық тобының орындауындағы «Наурыз» әні көрерменнің жүрегіне жылы шуақ құйды. «Сандық жайлы не білесіз?» сұрақ-жауап ойыны да тақырыппен қабысып жатты. Жауа­бын тапқандарға сый­лықтар ұсынды.

Сандық үй жи­һа­зы ғана емес, киелі бұйым. Ішіне кәде­лі сыйларды сақтаған. Сан­дық ашар деген жоралғы бүгінгі күн­ге дейін сақ­тал­ған. Со­нау бабадан ке­ле жат­қан өнер­ді дәріп­теп, дәстүрді жал­­­ғастыра беру­­ге бұл көр­­менің берер тағы­лымы мол.

Ұлытау облысы