ҚСЗИ алаңында сарапшылар еліміздің болашақ келбетін талқылады

Қосшы

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «Қазақстанның болашақ келбеті: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында сараптамалық кездесу ұйымдастырылып, онда ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың «Қазақстанның болашағы: мүмкіндіктердің тар дәлізі» монографиясының тұсаукесері өтті, деп жазады Egemen.kz.

Сараптамалық кездесу жетекші ғалымдардың, сарапшылардың, қоғам және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық пікірталас форматында өтті.

Кітаптың мазмұнына кеңірек тоқталған Еркін Тұқымов бұл еңбегі еліміздің болашағы туралы үлкен қоғамдық пікірталастың бастауы болатынына сенім білдірді.

«Бүгінгі күні біз қандай мемлекет пен қоғам құрып жатқанымыз, ол үшін қандай реформалар қажет, қоғамымызды қандай құндылықтар біріктіретіні, экономиканы әртараптандырудың және шикізаттық тәуелділіктен арылудың қандай жолдары бар екендігі туралы ашық, шынайы әңгіме өзекті болып отыр. Бізде экономиканы, саясатты, қоғамдық сананы батыл реформалауға, жаңғыртуға әлі уақыт бар. Бірақ оны өткізіп алмау маңызды, өйткені тағы 20-30 жылға кешеуілдеу өте жағымсыз нәтижелерге әкелуі мүмкін және мұны Азия мен Африканың көптеген елдерінің тәжірибесі көрсетіп отыр», деді Еркін Тұқымов.

Кітаптың бірінші бөлімінде жаһандық контекстке талдау жасалған, өйткені Қазақстан жаһанданған әлемнің бір бөлігі бола отырып, сырттан, соның ішінде ішкі саяси күн тәртібінде тікелей ықпалға ұшырайды.

Екінші бөлім экономикалық мүмкіндіктер мен шектеулерді, атап айтқанда, «орташа кіріс тұзағы» тәуекелін бағалауға арналған.

Үшінші бөлімде құндылықтардың рөлі мен қазіргі қоғамдағы орнын қозғай отырып, әлеуметтік қатынастарға талдау жасалады.

Соңында, соңғы төртінші бөлімде автор өткеннің сабақтары мен болашаққа арналған күн тәртібін ескере отырып, Қазақстанның даму мүмкіндіктерінің «тар дәлізі» туралы өз көзқарасымен бөліскен.

Кітапта билікті орталықсыздандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және қоғамның реформаларға дайындығы мәселелері де қозғалады.

Тұсаукесерде сөз сөйлеген Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлт құрылысында, болашақтың бейнесін қалыптастыруда жоспарлау көкжиегін кеңейту қажеттігін атап өтті.

Ал ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забирова ұсынылып отырған монография жаһандық сын-қатерлерді талдаудың, саяси экономикалық талдаудың, тарихи түсінік пен отандық қоғамның мәдени портретінің нанымды үйлесімін ұсынатын Қазақстанды зерттеу екенін атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева, «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Олжас Бейсенбаев, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы Санат Күшкімбаев сөз сөйлеп, аталған монографиядан әркім өз назарын аударатын нәрсе таба алатынына сенім білдірді, өйткені онда сыртқы саясат, ұлттық бірегейлік, мемлекет пен қоғамды жаңғырту мәселелерінің ауқымы қозғалады.

Сараптамалық кездесу соңында автор пікірталасқа қатысушыларға алғысын білдіріп, айтылған ұсыныстар мен ескертпелер алдағы зерттеулер мен практикалық ұсыныстарға негіз бола алатынына сенім білдірді.