Ұлытау өңірінде көктемгі қар еру кезеңі қалыпты өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
«Дегенмен, күн күрт жылынса, Сарысу, Жезді секілді өзендерден қауіп төнуі мүмкін», — дейді мамандар.
Қазір тасқынға қарсы жұмыстар күшейтілді. 4000 тонна инертті материал мен құм салынған 15 мың қапты дайындап қойды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ететін топ пен 500-ге жуық техника әзір тұр.
Былтыр арнасынан тасып, тұрғындарды әбігерге салған Жезді өзенінің жиегін биіктету жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Талдысай өзенінде су тасқыны кезінде мұздың іркіліссіз жүруіне кедергі келтіретін ағаштар алынып, арнасы тазартылды. Су басу қаупі бар деген аумақтарға 15 шақырымнан астам бөгет тұрғызылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов: «Өңірдегі су қоймалары көктемгі су тасқынына толық дайын», - дейді.
Ұлантай Үсенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Облыс көлеміндегі гидротехникалық құрылғылар 100% дайын. Су қоймалары 68% қана бүгінгі таңда толып тұр. Ал, қалған 32%-тейі су көлемін қабылдауға дайын. Одан артығын ағызып жіберуге де бүгінгі таңда бүкіл жұмысты дайындап отырмыз
Облыстың құтқарушылары, дәрігерлері, коммуналдық және жол қызметтері су тасқынына әзірлік жұмыстарын тағы бір пысықтады. Жеке құрам мен арнайы техникалардың дайындығын Премьер-министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев тексерді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда онымен күресуге 500-ге жуық техника әзір тұр. Олардың басым бөлігі Жаңаарқа мен Ұлытау ауданында шоғырланған.
Шыңғыс Сәмиев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арықтар мен жол бойындағы су өткізетін құбырлар тазартылды. Күнделікті талдау жұмыстары жүргізіледі. Қайық, мотопомпа, гидрожилет секілді тасқынның зардабын жоюға қажетті құралдар жеткілікті. Арнайы техникалар тиісті тексерістен өткізілді. Барлығы сақадай-сай тұр.
Тасқыннан қауіп төнген жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру үшін 44 пункт жасақталған. Олардың жалпы сыйымдылығы 34 мыңнан асады. Су басу қаупі бар елді мекендерде кезекшілік ұйымдастырылды. 8 ауылға тәулік бойы бақылау жүргізетін гидробекет қойылды. 70 мыңнан астам жанар-жағармай мен 11 тонна азық-түлік қоры жасақталды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева