Халықаралық көлік форумы қандай мәселелерді қозғайды

Қосшы

Осы жылдың 21-23 сәуір аралығында Алматы қаласында II халықаралық көлік форумы «ESE ASIA-2025» өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Форум қатысушылары Үлкен Еуразиядағы жаңа көлік дәліздері мен баламалы бағыттар, БРИКС және ЕЭО елдерінің ынтымақтастығы, экономикалық интеграцияны тереңдетудегі көлік пен логистиканың рөлін талқыға салады.

Форум алаңында бизнес өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, сарапшылар, операторлар мен тасымалдаушылар бас қосып, көлік интеграциясының қазіргі жағдайын, үрдістерін, мүмкіндіктері мен келешегі жөнінде пікірлерін ортаға салады.

Қатысушыларды пленарлық пікірталастар, контейнерлік нарық көшбасшыларымен диалог, кейс-сессиялар мен практикалық ұсыныстар күтеді. Форумда мынадай тақырыптар талқыланады:

• Үлкен Еуразия елдерінің жаңа бағыттары;

• Олардың өзара байланысы мен тиімділігі;

• Ғаламдық контейнеризация;

• Халықаралық автотасымалдар және мультимодальды логистиканың заманауи шешімдері.

Форумға Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Үндістан, БАӘ, Еуропа және басқа елдерден жетекші компаниялар қатысатынын растады.

Форумды «Единое Сообщество Экспедиторов» (Ресейдегі көлік форумдарының ұйымдастырушысы) мен «CILT Central Asia» (Қазақстан) бірлесіп ұйымдастырады. Форумның іскерлік бағдарламасының серіктестері – Халықаралық Трансевразиялық Тасымалдарды Үйлестіру Кеңесі (КСТП) және Қазақстан тарапынан – «Kazlogistics». Орындар шектеулі, сондықтан алдын ала тіркелу қажет.

Іс-шара аясында Алматы маңындағы серіктес компаниялардың көлік-логистикалық терминалдарына бизнес-экскурсия, форумның бас демеушілерінің бірі – «PTC Holding» компаниясының қолдауымен Қазақстан – Қытай шекарасына («Достық – Алашанькоу») бизнес-тур ұйымдастырылады.