Қазақстан кинологтер одағы мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Қансонар" аңшылар қоғамдық бірлестігінің патентін жарамсыз деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Астана қалалық соты.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылы 30 желтоқсанда Qazpatent ұлттық зияткерлік меншік институты "Қансонар" бірлестігіне "Қазақтың тазы ит тұқымы" селекциялық жетістігіне патент берген. Алайда сот барысында патент берудің маңызды шарттарын бұзу фактілері анықталды. Тазы тұқымы — қазақтың көне ит тұқымы және бұған дейін Қазақстан Республикасына халықаралық деңгейде тіркелген.
Сот анықтағандай, 2023 жылы кинологтар одағының өтініші негізінде жүргізілген зерттеудің (соның ішінде медициналық, генетикалық) нәтижелері бойынша FCI халықаралық кинологиялық федерация оң қорытынды шығарып, оның негізінде FCI-дің бас комитеті "Қазақтың тазы тұқымын" тану туралы шешім қабылдап, Қазақстан Республикасын оның шыққан елі ретінде ресми түрде бекіткен.
"Сондықтан "Қазақ тазысы" жаңа тұқым емес, себебі ол жаңа нәрселердің шарттарына сай келмейді, сонымен қатар жауапкерге дербес ежелгі қазақ тұқымы ретінде патент берілмес бұрын заңды түрде бекітілген", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ соттың ақпаратында берілген патентті мойындау себебі де түсіндірілген.
"Патент иесі аталған тұқымды иттерді (күшіктерді) көбейтуге, өсіруге және сатуға, асыл тұқымды материалды экспорттауға және импорттауға айрықша құқық береді және республика бойынша басқа ит иелері мен өсірушілерге қатысты мұндай құқықтарды шектейтінін мәлімдейді. Ал бұл шектеулер иттердің дамуы мен танымал болуын қиындатып, еркін қолжетімділікті шектейді. Бұл ұлттық мүддеге қайшы келеді және генетикалық қордың сақталуына қауіп төндіреді", — деп тарқатылған хабарламада.
Аталған шектеулер "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" заңның нормаларына тікелей қайшы келеді, себебі заңға сай қазақы ит тұқымын сақтау және өсімін молайту мемлекет бақылауында.
"Жоғарыда аталған жайттардың негізінде сот шешімімен патентті жарамсыз деп тану туралы талап қанағаттандырылды", — делінген сот шешімінде.